Ақпараттық портал
Screenshot

Су тасқыны: көмек көрсетуден шулықтар да шет қалмады

Биылғы көктем біраз уақытқа дейін ұмытылмайтыны анық. Себебі еліміз тағы бір сынмен бетпе-бет келіп, республиканың 10 аймағында қарғын судың салдарынан төтенше жағдай жарияланды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев аталған жағдайға байланысты үндеу жариялап, ешбір азамат көмексіз қалмайтынын мәлім етті.
Бұған дейін де кез болған қиын-қыстау кезеңдерде әрбір өңірде жылу жиналып, жұртшылық жұдырықтай жұмыла білгені баршаға мәлім. Оның ішінде Шу өңірінің жайсан азаматтары мен дегдар кәсіпкерлерінің де үлесі бар. Игі істен шет қалмайтын шулықтар осы жолы тасқын судан едәуір зардап шеккен Ақтөбе облысы, Ойыл ауданындағы отандастарына керек-жарақтарын жинап берді.
Гуманитарлық көмектің алғашқысы «Сауда-Сервис» ЖШС алдында жиналып, КамАЗ жүк көлігі тіркемесімен аумағын су басқан Ойыл ауданына аттанған болатын. Халық аманатын арқалап барған белсенді жастар Жансерік Мұсақұл мен Жәлел Әжібай 4 тәулік жол жүріп, құны 15 млн теңгеден астам гуманитарлық көмекті шашауын шығармай тапсырып қайтты.
Әлеуметтік желідегі парақшаны бажайлай отырып, көңіліміз құлазып қалғанын жасыру мүмкін емес. Қираған үйлер, бұзылған жол құдды соғыстан кейінгі хәлді еске түсіреді.
-Біз басымызға түскен қиыншылықты бірлікпен, бауырмалдықпен еңсерген халықпыз. Бұл жолы да жерлестеріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білді. Хабарландыруды естіп, халық азық-түлік, киім-кешек, көрпе-төсек пен өзге де қажетті заттарды жинап берді. Тура төрт тәулік жол жүріп, Ойыл ауданына жеттік. Біз көзбен көрген дүние жүрекке салмақ түсірмей қоймайды. Ондағы ел бізге өз алғыстарын білдіріп, Шу ауданына дұғай сәлемін айтты, -дейді Шу қалалық ЖРО маманы Ж.Мұсақұл.
Жақсылық жалғасты болуы тиіс. Мұны шулықтар өз ісімен дәлелдеп берді. Бірер күн бұрын қарғын судан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмектің екінші легі жиналған болатын. Аудан орталығына қойылған жүк көлігіне жанашыр жандар ертеден кешке дейін өз жәрдемдерін жеткізіп жатты. Істің басы-қасында жергілікті атқарушы органның өкілдері болғанын атап айтқан жөн.
-Аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлының тапсырмасына сәйкес, Шу қаласы мен ауылдық округтер тұрғындарының, шаһар мен Төле би ауылының кәсіпкерлерінің, жанашыр азаматтардың жұмылуымен су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жиналып отыр. Жиналған жылудың жалпы көлемі 35 тоннаны құрайды,-дейді аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Ж.Нұрғалиев.
Бөлім басшысының айтуынша, азық-түлік, су, көрпе-жастық, киім-кешек т.б. қажетті көмек облыс орталығына жөнелтілген. Аманат Тараз қаласына жеткен соң әр ауданнан келген гуманитарлық көмек сұрыпталып, сұранысқа сәйкес су басқан өңірлерге жіберіледі.
Қиын шақта асқан ауызбіршілік танытқан жерлестердің бұл ісіне «бәрекелді» дейміз. Сонымен бірге сауаппен оралсын деген тілек бар. Себебі асыл дінімізде де, ата дәстүрімізде де мұндай амал құпталған. Оны «Сұңқар жемін шашып жейді» деген халық даналығынан анық аңғарамыз.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.