Өнердің бір арнасын ашқандай…
Ағымдағы жылдың 6 сәуір күні Шу ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен ақын, сықақшы, жазушы Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай «Сатира – өмір айнасы» қазақ сатириктері әзілдерінен жас әзілкештері арасындағы аудандық байқауы 9-17 жас аралығындағы үміткерлердің қатысуымен аудандық мәдениет үйінде өткізілді.
Байқаудың мақсаты – өңірде әзіл-сықақ жанрларын насихаттау, жастар мен жасөспірімдердің бір-бірімен тәжірибе алмасуы арқылы өнерлерін жетілдіру, шығармашылығына қолдау көрсету, жастардың облыстық, республикалық фестивальдерге қатысуына ықпал ету болып табылады.
Байқауға ауылдық елді мекендердегі драма үйірмелерінің 9-17 жас аралығындағы қатысушылары қатысты. Атап айтар болсақ, Көкқайнар, Көктөбе, Балуан Шолақ, Бірлікүстем, Абай ауылдық мәдениет үйлерінің үміткерлері 2 номинация бойынша өнерлерін көрсетті. Әділқазылар алқасының шешімімен І орынды Балуан Шолақ ауылдық мәдениет үйінің үміткерлері, ІІ орынды Абай ауылдық мәдениет үйі, ІІІ орынды Көкқайнар ауылдық мәдениет үйінің үміткерлері иеленді.
Сонымен қатар, 1 сәуір – Күлкі күніне орай жастардың бос уақытын тиімді пайдалану және бір-бірімен достық қарым-қатынасты нығайтып, жан-жақты шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында Балуан Шолақ ауылдық мәдениет үйінде “Күлкі әлеміне саяхат” атты мектеп оқушылары арасында Жайдарман ойыны өткізілді. Жайдарманға 4 команда қатысып, I орынды “Балуан Шолақ” командасы, ІІ орынды “Ұнамаса қарама” және “Әзіл қошқарлар” командасы, ІІІ орынды “Ерке балалар” тобы, иеленіп бағалы сыйлықтармен марапатталды. Байқауды ұйымдастыруда Балуан Шолақ ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Қалыбаева Меруерт пен «Актерлік шеберлік» үйірмесінің жетекшісі Жанар Айтбайдың еңбектері зор.
Жастардың белсенділігі, талантын ашуға деген құштарлығы бізді қуантты. Мұндай байқаулар бойында қандайда бір қасиеті бар болса, оны аша алмай жүрген жасқа жігер сыйлайтыны анық. Өңіріміздегі талантты, білімді, білікті жастарды таныту, оларды басқаларға үлгі етіп көрсету – біздің міндетіміз. Сол үшін де жұмыс жасайтын боламыз. Жас таланттар, тек алға! Шығармашылық табыстар тілейміз!
Маржан Амангелдіқызы,
Шу аудандық мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы.