Ақпараттық портал

Қарияға құрмет көрсетілді

Ел өміріндегі маңызды саланың бірі – теміржол екені анық. Қазақстанның әр аймағында халықтың басым бөлігі осы салада жылдар бойы табысты еңбек етіп келеді. Олардың арасында тұтастай бір әулет болып саланың дамуына зор үлес қосқан жандар жетерлік. Мұндай көрініс тоғыз жолдың торабы саналатын Шу қаласында да аз емес.

Тарих тереңіне көз жүгіртсек, өткен жылы жалпы ел аумағындағы темір жол саласының бір бөлігі саналатын Шу-Мойынты темір жолына 70 жыл толған болатын. Бұл туралы мақалалар газетіміздің өткен жылғы сандарында жарық көрген еді. Енді, биыл Қазақстанда теміржол көлігінің құрылғанына 120 жыл толып отыр. Осындай мерейлі белес қарсаңында «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ орталық ардагерлер кеңесі ұзақ жылдар бойы темірдей тәртіпке бағына жүріп, еселі еңбек етіп, осы саладан зор абыроймен зейнет демалысына шыққан жерлестерімізді назардан тыс қалдырмай, шағын сый-сыяпат жасады. Нақты айтар болсақ, мұндай құрметке ие болған азаматтар арасында жерлесіміз Тыныштекбай Сатылғанов та болды.
Сатылғанов Тыныштекбай Халықұлы 1944 жылдың ақпан айында ауданымыздың Шоқпар ауылында дүниеге келген. Осы ауылдағы №18 М.Әуезов атындағы орта мектептің 7-сыныбын тәмамдаған соң, 14 жасында темір жол саласында еңбек жолын бастап, жол колоннасында жолшы жұмысын атқарды. 19 жасына дейін осы ортада табанды еңбек етіп, 19 жасында әскерге алынып, үш айлық курс оқиды. Әскерден оралған соң , жүргізушінің көмекшісі болып жұмысқа орналасады. Кейінірек 10 ай машинистің оқуына оқып, тәмамдап, машинист болып еңбек жолын жалғастырады. Сол уақыттарда машинистер арасында өткен «Жыл машинисі» конкурсының жүлделі бірінші орын иегері атанып, ұйымдастырушылар тарапынан марапатталады. Сондай-ақ, 2001 жылы «Құрмет» грамотасымен марапатталған.
Жұмыс болған соң, оның қиындығы да кезігіп жататыны белгілі. Бірде кейіпкеріміз тізгіндеген пойыздың тежегіші істен шығып, аса күрделі жағдайда тоқтайды. Осыған орай, Т.Сатылғановтың машинист міндетін атқаруы үш айға шегеріліп, слесарь болып жұмысын жалғастырады. Алайда, көп ұзамай машинист міндетін қайта қолға алады. Қатты стрестен болу керек, көз жанары әлсіреп, кейін көру қабілеті мүлдем төмендеп кетеді. Бірнеше рет дәрігер көмегін алғанмен, жақсы нәтиже болмайды. Бүгінгі таңда сексеннің сеңгіріне шыққан қария он жылдан бері бірінші топ мүгедегі деп танылған.
Т.Сатылғановтың еңбек жолы туралы нақты айтар болсақ, 1960-65 жылдар аралығында «ПЧ-50» мекемесінде жол жөндеуші, 1967-73 жылдары Шу локомотив депосында тепловоз, электровоз машинисінің көмекшісі, 1974-2007 жылдары Шу локомотив депосында машинист болып еңбек етіп, 2007 жылы құрметті демалысқа шығады.
-Алла берген 11 баланың әкесімін. Жұбайыммен отасқанымызға бұл күндері 56 жыл. Жұбайым Сейсенкүл Сатылғанова да жылдар бойы Шу локомотив депосында жұмысқа шақырушы (нарядчик) болып еңбек етіп, 23 жыл еңбек өтілімен зейнеткерлікке шықты. Шын мәнінде өзімнің темір жол саласындағы жалпы еңбек өтілім, 49 жыл. Алайда, 14 пен 16 жас аралығындағы кезеңдер еңбек кітапшасына енгізілмей қалғандықтан, 47 жыл болып есептелуде.
Ұл-қыздарым да біздің жолымызды жалғап, түрлі темір жол мекемелерінде қызмет етіп келеді. Нұрбек ұлым Алматы қаласындағы «Локомотив сервисі» АҚ-да, қыздарым Зейне мен Нұрсұлу «Жолаушылар тасымалы» АҚ-да жұмыс жасайды. Өзіміз қазіргі таңда 27 немере, 2 шөберенің ата-әжесі болдық. Өзім 80 жастамын, жұбайым 75 жаста.
Қазақстан темір жолында әулетімізбен еңбек етіп келе жатырмыз деп айтсам, артық болмас. Әкем, өзім, балаларым және бүгінгі таңда немерелерім осы салада тер төгіп, табысты еңбек етіп келеді. Бүгінгідей дамыған заманда жастарға еңбек етуге барлық жағдай жасалған. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, -деп қазыналы қария ізгі ниетін білдірді.
Кейінгі буын өкілдеріне өмірі үлгі болатын мұндай азаматтарға қай кезде құрмет көрсетсе де артық болмайтыны анық. Жуырда 80 жасқа толған кейіпкеріміз Қазақстандағы темір жол көлігінің құрылуына 120 жыл толуына орай, темір жол саласының дамуына қосқан қомақты үлесі үшін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның орталық ардагерлер кеңесінің Алғыс хатымен марапатталды. Өткен аптада бұл марапатты Шу стансасы торабы теміржолшылар ардагерлері алқасының төрағасы Тұрсынбай Халық Нұрғалиұлы Тыныштекбай Сатылғановқа табыстау үшін Шоқпар ауылындағы қарияның қара шаңырағына арнайы барып, сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақалмен жүздесіп, хал сұрасып, Астана қаласынан жеткізілген Алғыс хатты табыстап, шағын сый-сыяпатын ұсынып, ізгі тілегін жеткізді.
Кейіпкеріміз де өз кезегінде Шу локомотив пайдалану депосының кәсіподақ комитетінің төрағасы Қуат Молдабаев, осы мекеменің нұсқаушы-машинисі Қайрат Асембав, персонал менеджері Дина Конакова сынды өзге де құттықтап келген қонақтарға ақ дастархан жайып, көрсеткен құрметтері үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар, Шоқпар ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы А.Еркешов те қарияны 80 жасымен құттықтап, шағын сыйлығын ұсынды.
Т.Сатылғановтың бауырлары, ұл-қыздары, өзге де жақын жандары жиылған дастархан басында қарияның өнегелі өмірі мен еңбек жолы туралы әңгімелер айтылып, аға буын өкілдері жастарды адал еңбек етіп, сол арқылы абырой биігінен көрінуге шақырды.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.