Әжелер сайысы өтті
Жас ұрпақты ата-баба дәстүрімен тәрбиелей отырып, әже тәрбиесін үлгі етіп, әжелер айтқаны асыл екенін, әрі олардың өнегесін күнделікті өмірде пайдалану, әжелер өнегесінің ерекшелігін ашу мақсатында жуырда ауылымыздағы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Әжелер әлемі» сайысы өтті.
Байқауды ауыл әкімі Рашид Шоңбаев ашып, әжелерімізге сәттілік тіледі. Мәдениет үйінің меңгерушісі Бағдат Рланов бұл байқауды ұйымдастырудың мақсаты – қатысып жатқан әжелеріміз келіндерге, жалпы ауыл жастарына үлгі болатындығын айтып, байқауға демеушілік жасап отырған жеке кәсіпкер Ғалия Утемисоваға рахметін айтты.
Сайысқа Джаманбалаева Шәрипа, Жақсыбаева Ләззат, Телеубаева Сәуле, Кәдірімбетова Райкүл, Орманкулова Бейсенкүл атты әжелер қатысты. Әжелер ата-дәстүрмен өздерін таныстырып, өнерлерін көрсетіп, ұлттық тағам дайындап, салт-дәстүрден көрініс ұсынды.
Әділқазы алқасының шешімімен «Ең көңілді әже» номинациясымен 73 жастағы ауылымыздың аналар алқасының төрайымы Шарипа Джаманбалаева, «Ең шебер әже» номинациясымен Бейсенкүл Орманқұлова, І орынды Сәуле Телеубаева, ІІ орынды Ләззат Жақсыбаева, ІІІ орынды Райкүл Кәдірімбетова иеленді.
Әжелеріміз арнайы дайындалған бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды. Жиналған жұрт дән риза болып, әжелер әзірлеген дастарханнан дәм татып, жақсы бір көңіл-күймен тарқасты.
Өзім де мәдениет саласының ардагері ретінде мәдениет үйі ұжымының іс-шараларды жоғары деңгейде өткізетіндіктеріне дән ризамын. Алдағы уақытта тек биіктен көрінулеріне және еңбектерінің табысты болуына тілектеспін.
Магнит Тоқсанбаева,
зейнеткер,
«Алтын адам» аталымының иегері.
«Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері.
Шоқпар ауылдық округі.