Комитет төрағасы каналдар мәселесіне көз жеткізді
Кейінгі жылдары ауданымыздағы бірқатар ауылдық округтерде «Ирригациялық-дренаждық жүйелерді жетілдіру» жобасы (ПУИД-2) аясында каналдарды қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатқаны белгілі. Жасыратыны жоқ, ұзаққа созылған құрылыс жұмыстарын 2019 жылы түркиялық «ЭРЭН-НТФ
ИНШААТ ТИДЖАРЕТ
ШИКЕРТИ» компаниясы бастағанымен, кейіннен бұл жұмыстары аяқсыз қалды. Алайда ирандық «Туннель Садд Ариана» компаниясы аяқсыз қалған жұмыстарды жалғастырып, қазіргі кезде тиісті жұмыстардың басым бөлігін аяқтап үлгерген.
Дейтұрғанмен, аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтың жергілікті халықпен кездесулерінде дәл осы каналдардың құрылысына қатысты бірқатар мәселелер көтерілген болатын. Осыған орай, өткен аптада аталған жұмыстарды көзбен көру мақсатында ауданымызға ҚР СРИМ Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев пен «Қазсушар» РМК Жамбыл облысы бойынша филиалының басшылығы арнайы келіп, тұрғындармен кездесу өткізді.
Аталған кездесуде егістік жерлерді сумен қамтамасыз етуге қатысты қалыптасқан мәселелер айтылып, оның шешілу жолдары да қарастырылды. Сондай-ақ, егіс науқаны қарсаңындағы ағын су мәселесі бойынша бірқатар түйткілдер талқыға салынды. Одан бөлек, каналдардың құрылысына жауапты мердігер мен техникалық қадағалаушы компания өкілдері комитет төрағасына шешілуі тиіс мәселелерді баяндады. Өз кезегінде аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлы комитет төрағасына Дулат, Балуан Шолақ ауылдық округтері мен Д.Қонаев ауылындағы каналдардың құрылысын жылдам аяқтап, тұрғындарға ағын суды мейлінше ертерек беруге қатысты мәселелерді көтеріп, назарына ұсынды.
Айта кету керек, кездесу барысында Бөлтірік ауылының тұрғындары мен шаруалар ауыл ішінен өтетін «Госфонд» каналын толық бетондау жөніндегі талаптарын қойды. Ұзындығы 11,9 шақырымды құрайтын бұл каналдың бойында 22 шаруа қожалық иесінің 415 гектарға жуық суармалы жерлері бар. Сондай-ақ тұрғындардың айтуынша, каналдың ені мен тереңдігінің тиісті деңгейде болмауы салдарынан ағын су аяғына дейін бармайтын көрінеді. Салдарынан су орта белден жарылуда. «Госфонд» каналын кесіп өтетін көпірдің де тым биік орналасқанын жеткізген тұрғындар бұл мәселені де шешіп беруді сұрады.
Өз кезегінде Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев ауылдықтардың өтініш-тілегі ескерусіз қалмайтынын және барлық талап-тілектердің орындалатынын жеткізді. Тиісінше, жауапты мердігер мен техникалық қадағалаушы компания өкілдеріне айтылған сын-ескертпелердің барлығын жеке-жеке зерделеп, нақты шешім қабылдау қажеттігін тапсырды.
Ерғали Қартайған.