Ақпараттық портал

«Қайран, біздің аналар, арды ойлаған»

Өткен аптада Төле би ауылы, М.Мақатаев атындағы тірек мектебінде директордың эксперимент ісі жөніндегі орынбасары Баян Жексенбаеваның ұйымдастыруымен, «Қайран, біздің аналар, арды ойлаған» атты форум өтті. Шараның мақсаты – жас ұрпақтың бойына анаға деген құрмет сезімін ұялата отырып, ананың қоғам алдындағы борышын өмірмен байланыстыра ұғындыру. Сондай-ақ, аталмыш форум тірек және магниттік мектеп оқушыларының «Ана – кеше, бүгін, болашақта» тақырыбында ой қозғауы арқылы өз ойларын өмірмен байланыстыра суреттеуіне ықпал ету міндетін көздеді.

М.Мақатаев атындағы тірек мектебі, Алға, Жайсан, Еңбекші орта мектептері секілді магниттік мектеп оқушылары және ұстаздарының атсалысуымен өткен форумға аталған мектептердің 8-9-10-11 сынып оқушылары, ұстаздар қауымы және ауданымыздың аға буын өкілдері қатысты. Ал, арнайы шақырылған қонақтар арасында аудандық әкелер алқасының төрағасы Е.Өмірәлиев, аудандық аналар алқасының төрайымы А.Иманова, ауданның ардагер ұстазы, С.Қалмырзаев атындағы мектептің директоры Ш.Смағұлова болды.
Оқушылар хормен орындаған ана туралы әнмен басталған форумда алғысөз сөйлеген мектеп директоры Сихимова Алтынкүл Мадиомарқызы ананың отбасындағы рөлі, жалпы қоғамдағы орны жайлы айта келіп, бала тәрбиесінде отбасымен қатар, мектептегі ұстаздар қауымының да рөлі ерекше екендігін жеткізді. Сонымен қатар, баланың да адам өміріндегі маңыздылығына, бүгінгі таңда қоғамда көрініс беріп жүрген ананың баладан безуі, балалар үйіндегі балалар санының артуы, жас отбасылардың жасы ұлғайған адамдарды яғни, ата-аналарын бағып-қағудан қашқақтауы сынды жан ауыртатын жайттардың белең алып отырғандығын тілге тиек етіп, мұндай өрескелдікке жол бермеуге барлығымыз күш салуымыз қажеттігін айтып өтті.
Мұнан кейін сөз кезегін алған Б.Жексенбаева форумның жыл бойына атқарылған іс-шаралардың қорытындысы ретінде ұйымдастырылып, жас буынның санасына ата-ана тәрбиесін мектеп қабырғасынан құюға ықпал етуді мақсат етіп отырғандығын тағы да назарға салды.
Әуелі экраннан елімізге танымал қоғам қайраткерлерінің, жазушылар мен ұлы тұлғалардың ана туралы тағлымды пікірлері тыңдалып, тектілік жайында бейнеролик көрсетілді.
«Анамның жаққан ошағы» атты бірінші бөлімде жоғарыда аталған төрт мектептің атынан шыққан төрт топтың әрқайсысы әуелі өздерін таныстырып, экран арқылы тақырыпқа сәйкестендіріліп, арнайы түсірілген отбасы құндылығына негізделген видеоны ұсынды.
«Жұмақтың кілті ананың табанының астында» атты екінші бөлімде алдымен экраннан шетке кеткен қаракөздер жайында бейнеролик көрсетілді. Мұнан кейін Жайсан орта мектебі «Ананың көңілі, бала бақыты…», Алға орта мектебі «Найман Ана», М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебі «Соқыр ана», «Еңбекші орта мектебі «Ана жүрегі» атты қойылымдарды сахналап, көпшілікті ерекше әсерге бөлеген әр қойылымда рөльді сомдаушылар да әртістік шеберліктерін жоғары деңгейде көрсете білді.
Мазмұнды әрі мағыналы өткен форумда қорытынды сөз сөйлеген «Ұлағатты отау» ҚБ-нің мүшесі, оқу ісінің үздігі Ә.Ембердинова, Е.Өмірәлиев, Ш.Смағұлова, өзге де қонақтар форумнан алған әсерлерімен бөлісіп, келген қонақтарға алдын ала ұсынылған арнайы сұрақтар аясындағы ой-пікірлерін ортаға салып, мұндай шараның бала тәрбиесіндегі маңыздылығын атап өтті.
Ал, мектеп директоры А.Сихимова мектептің қоғамдық істеріне белсенді атсалысып жүрген ұстаздарды және кітап оқуда белсенділік танытқан бірқатар оқушыларды мектеп директорының Мадақтама грамотасымен марапаттады және келген қонақтарға алғысын білдірді.
Жалпы, бұл форум басталған сәттен соңына дейін «Ана» деген ұлы ұғымның мәні мен маңызын тереңінен қозғап, көпшілікке лайықты деңгейде жеткізді деген ойдамыз. Әсіресе, ана тақырыбына негізделген қойылымдар көпшіліктің көзіне жас келтіріп, әлдекімдердің кеудесінде анаға деген сағынышты сезімді оятқандай. Шара барысында сөздерінің тәрбиелік мәні тереңде жатқан әндердің таңдалып алынып, орындалуы да ұтқыр ұйымдастырушылық шеберлікті аңғартып тұрғандай. Соның себебінен болса керек, форумға қатысушы үлкен-кіші бұл шарадан ерекше әсер алып, толқыған сезіммен тарқасты.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.