Ақпараттық портал

Жақсы іс әркімге-ақ жарасқандай

“Адамның бәрі пайғамбар, әулие, хакім бола алмағанымен, жомарттық – осы жолға бастайтын қасиет” деген даналық сөздің мәніне терең үңілер болсаңыз, кез келген азамат ел аузында жақсы ісімен қалатыны сөзсіз екендігін аңғарасыз. Кешегі тарихта аты қалған “Атымтай жомарт” та өзінің көл-көсір көңілімен, қолының ашықтығымен, сауапты істе алдына жан салмайтын көркем мінезімен ғасырларды артқа қалдырып, даңқы бүгінге жетіп отыр. Тарихта атың тек даналығыңмен, ақылыңның асып туғандығымен қалмайтындығының, қайырлы ісіңмен де қалатындығының дәлелі бұл. Кезінде Шал ақын жігіттерге айтқан өсиетінде “Жомарттық қылған жігіттің ықыласын байқасаң, толқып соққан көлмен тең” деуі жігіттің мәрттігі-бойындағы ең асыл қасиеттердің ізгісі екендігін айтып тұрғандай.
Әлбетте мырзалығымен, жомарттығымен танылған жігітті ел мақтайды, ел мақтаған жігітті қыз жақтайды. Қанымызға сіңген жомарттық қасиетіміздің бұл күнде де тіні үзілмек емес. Ел еңсесін тіктегелі тектілік қалпы бар азаматтарымыз шама-шарқы жеткенінше жомарттығын танытып, халыққа қарайласуда. “Ер жігітке жарасар халқына тиген пайдасы” демекші, тепсе темір үзер, бетке ұстар ерлеріміз ел ішінен табылып, кем-кетігін түгендеп, жоқ-жітікке болысып жүргенін көзіміз көріп жүр. Осындайда “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” деген халық даналығын бетке алып, қайырымды азаматтарымыздың үлгі болар істеріне алғыспен қайтарымын жасасақ, өскелең ұрпаққа өнеге сол емес пе?!
Игі істің жарқын бір көрінісі, осы жылдың 10-шы сәуірі күні Шу аудандық “Жастар ресурстық орталығының” ұйымдастыруымен жүзеге асты. Яғни, Жамбыл облысының 85 жылдығына орай облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының тарапынан бекітілген 85 игі іс-шаралар жоспары аясында жалынды жастарымыз Ораза айт мерекесі күнінде “Жаныңда жүр жақсы адам” атты ұранмен ауданымыздың тазалығына үлес қосып жүрген қоғамдық жұмысшыларға тағам тарату акциясын өткізді. Қасиетті Рамазан айының аяқталуына бірер күндер қалғанда, адамзатты береке-бірлікке шақыратын, қарапайымдылық пен қайырымдылықты дәріптейтін қастерлі мейрамда адамзатқа қолдау көрсетіп, қамқорлық таныту мақсатында өткізілген шара аясында “Жастар орталығы” үлкендердің батасы мен алғыстарын алып қайтты.
“Болатын елдің баласы бірін-бірі батыр дер” деген ұранымызды жалаулатып, жақсылыққа жол салған жігерлі жастарымызды жиі ауызға алып отырсақ, игі азаматтардың қатары артатыны сөзсіз. Жарқын істеріне қарап, Жастар ресурстық орталығының қызметкерлерін туған жерге туын тіккен деп ауыз толтырып айтуға әбден болады. “Халықшыл болғандарда қасиет бар, тарыдай мың дәні бар басын иіп” деген аталы сөз осындай қамкөңіл жастарымызға бағытталып айтылғандай. Ниеті мен тілегі қашанда елмен өрімдес өрелі азаматтарымыздың қашанда асығы алшысынан түсе берсін деген тілегімізді айтқым келеді. Қайырымдылық іске келгенде алдымызға жан салмай, бір-бірімізге әрқашанда демеу болып, жақсы істе қолдау көрсетіп жүре берейік!

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.