Дәстүрлі доп додасы өз мәресіне жетті
Ауданымыздағы Белбасар
ауылын ел-жұрт қай кезде де бірлігі тарқамаған берекелі ауыл ретінде таныған. Берекелі деп екпін түсіріп айтуымыз да бекер емес. Аудандағы жалғыз тірек ауылы саналатын белбасарлықтардың бүгінгі ісіне қарап, сүйсінбеске амалыңыз қалмайды. «Ауылына қарап, азаматын таны» деген сөз бар қазақта. Расымен де туған топырағынан жырақта жүрсе де, өзінің туып-өскен ауылын өз баспанасын қамдағандай кем-кетігін түгендеп, жыртығын жамап, тұрмысын базарлы етуге бар күшін жұмсайтын азаматтар болады. Тиісінше, бұндай ауылдан берекенің тарқамайтыны да белгілі.
Міне, осындай азаматтардың бірегейі ретінде Тараз қаласы мен Шу ауданының Құрметті азаматы Болат Сауранбаевты атап өтуге болады. Ол шалғай өңірлерде жауапты қызметтерді атқара жүріп, өзі туып-өскен Белбасар ауылының әлеуметтік өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Болат Оспанұлының қажетті жерде ауылдастарының игілігі үшін жасалатын кез келген ортақ іске демеушілік танытудан да тартынып қалған тұсы жоқ. Қалтасы қалыңдаса жүріс-тұрысы өзгеріп шыға келетін әлдекімдерге қарағанда, керісінше жерлестерінен оның табиғаты мүлде бөлек екенін естисіз. Олай болмағанда ше? Маңдай терімен тапқан ақшасын имандылық ордасының бой түзеуіне жұмсап, алақандай ауылға зәулім мешіт салып берген Болат Сауранбаевқа ауылдастарының алғыстан басқа айтары жоқ. Одан қала берді ауылдағы әбден тозығы жеткен футбол алаңшасын толығымен сүргізіп, көлемі 50-100 метрді құрайтын, соңғы үлгідегі жасанды жабыны бар үлкен стадион салып, оны ауыл мектебінің меншігіне өткізді. Содан бері мұнда футбол үйірмесі ашылып, арнайы бапкер бөлініп, әлі күнге дейін өз жұмысын жалғастырып келеді.
Кейінгі жылдары Болат Оспанұлы жоғарыда аталған футбол алаңшасының маңынан «Белбасар» мәдени-спорттық кешенін соғып, оны да мемлекет меншігіне өткізіп берді. Белбасар ауылында бой көтерген нысанның ашылу салтанатына есімі елге белгілі спорт саңлақтары да көп жиналған болатын. Дәлірек айтар болсақ, Серік Қонақбаев, Ислам Байрамуков, Зульфия Габидуллина, Бейбіт Ыстыбаев, Марат Мәзімбаев, Елдос Сметов, Батыр Жүкембаев, Асхат Уалиханов сынды Әулиеата өңіріндегі шоқтығы биік спортшылар да осы ортадан табылды. Айта кету керек, бұл нысан облыстың 80 жылдығына орай ашылған. Спорттың бірнеше түрі қамтылған кешенде Серік Қонақбаев, Ислам Байрамуков, Бейбіт Ыстыбаев, Елдос Сметов және Батыр Жүкембаев атындағы залдар бар. Екі қабаттан тұратын нысанның жалпы көлемі 2696 шаршы метрді құрайды екен. Кешеннің төменгі қабатында орналасатын әмбебап спорт залда келушілерге спорттың кіші футбол, воллейбол және баскетбол сынды түрлерімен шұғылдануға мүмкіндік бар. Ал, екінші қабатта бокс пен күрес залдары орналасқан. Ал, мұндағы құрылыс жұмыстарын елімізге белгілі «SHEBERBUILD» құрылыс компаниясы жүргізіпті.
Өткен жексенбі күні дәл осы Белбасар ауылында Социалистік Еңбек Ері Хати Сауранбаевты еске алуға арналған дәстүрлі футбол турнирі болып өтті. Аталмыш жарысқа 40 жылға жуық уақыт бойы үздіксіз демеушілік білдіріп, ұйымдастырып келе жатқан да дәл осы Болат Сауранбаев еді. Ал, биыл 38-ші мәрте өткізіліп отырған доп додасы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Салтанатты шараның ашылуына арнайы қатысқан аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков ауылдағы іргелі істердің бастамашысы болған Болат Сауранбаевқа өз ризашылығын білдіріп, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі. Бұдан соң, Хати Сауранбаев атындағы турнирге жиналған командалар арасында жеребе тартылып, ала доп шеберлерінің бәсекесі басталып кетті. Аталған турнирдің көркін қыздырып, алғашқы ойындардан-ақ ерекше көзге түскен жергілікті «Белбасар» командасы турнир жеңімпазы атанса, «Еңбекші» командасы екінші орынды місе тұтты. Ал, «Аудан әкімдігі» мен «Liver» командалары жүлделі үшінші орынға табан тіреді. Жиырмадан аса командалардың арасынан үздік шыққандарға қомақты қаржылай сыйлықтар табыс етілді.
Байқағанымыздай, Белбасар ауылы ауызбіршілікке ұйыған, қазыналы қарты, жалынды жасы бар, өздері қалыптастырған жақсы іске жұрт болып жұмыла кетуді сабақтасқан салтқа айналдырған ауыл. Жырақта тұрып-ақ, іргелі жұмыстың тізгінін ұстаған немесе кәсібінің тасын өрге домалатқан ауыл түлегі туған ауылына қайырылып, бар-жоғын түгендеуге мұрындық болды. Ізгі іске ұйытқы болған азаматқа жергілікті әкімдік пен тұрғындардың атынан алғыс айтылып, құрмет те көрсетілді. Белбасардағы көпке үлгі болар істің бәрі де ауылдың ажарын тайдырмай, берекесін сақтап отырған Болаттай азаматтардың жігері болса керек-ті.
Ерғали Қартайған.