Ақпараттық портал

Жұмыс сараланып, тың тапсырма жүктелді

Аудан билігі апта басын аппараттық жиыннан бастайтыны белгілі. Аталған жиында жауапты тұлғалардың атқарылған жұмыстары сараланып, алдағы жоспары айқындалады. Сондай-ақ сын-ескертпелер айтылып, тиісті тапсырмаларды киіз кітабына түртіп қайтады.
Осы жылдың 18-і аптасындағы аппараттық кеңеске әдеттегідей аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков төрағалық етіп, күн тәртібіндегі мәселелерге
құлақ түрді.
Алғашқы болып аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің сектор меңгерушісі Б.Жүнісқұлов «2024 жылғы қаңтар-наурыз айларының қорытындысы және қаңтар-сәуір айларының күтілу мәндері туралы» баяндап берді.

Баяндамашының айтуынша, биылғы наурыз айының қорытындысымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасып, барлық көрсеткіштер өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда артығымен орындалған.
-2024 жылдың қаңтар-наурыз айына жалпы шығарылған өнім көлемі 26 229,5 млн теңге, бұл былтырмен салыстырғанда 4594,4 млн теңгеге артық немесе 121,3 пайызға орындалды. Өнеркәсіптегі өндірілген өнім көлемі 7269,1 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі 101,4 пайызға орындалды,-деді Б.Жүнісқұлов.
Сектор меңгерушісі өзінің баяндамасында аудандағы бірқатар жұмыстардың тиісті деңгейде жүргізілгенін мәлім етті. Сондай-ақ кемшіліктерге де тоқталып өтті. Мәселен, бірқатар ауылдық округтерде мал басы кеміп, құс саны төмендеген. Мүйізді ірі қара саны 3805 басқа, жылқы 644 басқа, шошқа 445 басқа кеміп, құс саны 787-ге құлдилаған.
Осының барлығын назар қойып тыңдаған Бақытжан Оразалыұлы көрсеткіштердің орындалуын бақылауда ұстауды тапсырып, жауаптыларға мұқияттылықты тапсырды.
Мұнан соң Төле би ауылдық округінің жуырда сайланға әкімі А.Рахимкулов өз округін дамыту мәселелеріне тоқталып, жұмыс жоспарымен бөлісті.
Ауыл әкімінің айтуынша, биыл аудан орталығындағы 19 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары, Балуан Шолақ көшесінің 2,7 шақырымы мен аудандық орталық ауруханаға баратын 747 метр жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Ол үшін тиісті құжаттар рәсімделіп жатқан көрінеді. Сонымен қатар жас әкімнің жоспарында 4 көшені жарықтандыру жұмысы еніп отыр.
Өз кезегінде аудан басшысы аудан орталығы өңір айнасы екенін ескеріп, жоспарға кірген жұмыстар жүйесін табуы қажеттігін атап өтті.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.