Тылда еңбек еткен тың қария
Биыл Ұлы Отан соғысындағы жеңістің жетпіс тоғызыншы жылына аяқ басып отырмыз. 1941-1945 жылдар аралығында тарихта орын алған зұлматты оқиға қанша жылдар өтсе де, әр саналы азаматтың жадынан өшпек емес. Өйткені, біздің бірнеше қайсар мінезді аталарымыз осы соғыстың құрбаны болса, соғыстан аман келгендерінің басым бөлігі мүгедектікке тап болды. Алайда, қандай қиындық көрсе де, олардың басты мақсаты жауды талқандап, бейбіт өмірдің орнауына күш салу еді және белгілі мерзім аралығында сол мақсатқа қол жеткізіп, бүгінгі берекелі де бейбіт күндердің негізін қалаушыларға айналды.
Өкінішке орай, Ұлы Отан соғысының ардагерлері бүгінгі таңда арамызда жоқ. Дегенмен, олардың ұрпақтары өз аталарының, енді бірі әкелерінің және жас буын өкілдері даңқты жерлестеріміздің майдан даласындағы ерен ерліктерін әрдайым есте ұстап, үлгі тұтады және оны біз ешқашан ұмытпай, аға буын өкілдері арқылы жас ұрпақтың санасында жаңғырта беруіміз маңызды. Өйткені, ол елдің тарихы. Ал, ел тарихына құрмет бүгінгі буынның басты парызы болып қала бермек.
Жалпы, Ұлы Отан соғысының басты кейіпкерлері оның қатысушылары болғанымен, соғыс жылдарында тылда еңбек етіп, ел дамуына үлес қосқан еңбеккерлердің де тарихтан алар орны ерекше. Мұндай азаматтар біздің арамызда да бар. 1936 жылы қаңтар айында ауданымыздың сол кездегі жаңадан ұйымдасқан Көктөбе колхозында дүниеге келген Жетпісбаев Тұрсын қажы Рахымбайұлы да осындай жандар қатарында. Нақтырақ айтар болсақ, соғыс жылдарындағы тыныс-тіршілік жайлы сөз қозғағанда бұл кісіні тыл еңбеккері ретінде танимыз.
Мереке қарсаңында қызметтік міндетімізді негізге алып, есімі аталған ақсақалдың үйіне барып, өзімен тілдесудің сәті түсті. Сексен сегіз жастағы қарияны көріп, тілдесе келе, осы жасына қарамастан, сөзі түзу, ойы орамды, санасы сан қилы өнегеге толы, қазыналы қария екендігін аңғардық. Сөз арасында өзінің шамамен осыдан 20 жыл бұрын Меккеге қажылық сапарға барып қайтқандығын да тілге тиек етті. Кейіпкерімізді қажы деп көрсетуіміздің де басты себебі бұл.
Тұрсын ата өзі туған ауылда 1943 жылы мектеп табалдырығын аттап, төртінші сыныпқа дейін білім алып, мұнан кейін Төле би ауылындағы М.Әуезов атындағы мектептен жалпы он жылдық білімді тоғыз жылда аяқтаған екен. Ол кезде екі ортада оқушылар тасымалына арналған арнайы көлік болмаған. Сол себептен, Көктөбе ауылынан Төле биге жаяу қатынап, орта білімді тәмамдайды.
Әкесі, Ұлы Отан соғысына қатысушы Рахымбай Жетпісбаев 1984 жылы 79 жасында қайтыс болады. Ол жасында ауылдың қоғамдық жұмыстарына белсенді атсалысқан, қарапайым жұмысшы азамат болады. Туған анасы Секер Қоңқабайқызы Тұрсын атаның сәби шағында қайтыс болған. Яғни, әкесі әскерден оралған кезде анасы өмірден өткен екен.
-Ата-анамыздың айтуынша, маған дейін дүниеге келген балалар шетінеп кетіп отырған. Кейін менің есімімді жақсы ырымға балап, Тұрсын деп қойған екен. Сонда үйдің үлкені мен болып қалдым. Меннен кейін есімі елге танымал, ҚР халық әртісі, режиссер Қадыр есімді інім туылған. Ал екінші анам Бүбия Сауранбайқызы Нұралы мен Светлана есімді бауырларымды дүниеге әкелген,-дейді Тұрсын ақсақал.
Уақыт ағымында Тұрсын ата Есқараева Жібек Тілепбергенқызымен шаңырақ көтеріп, төрт қыз, бір ұлды дүниеге әкеледі. Жұбайы зейнеткерлік жасқа жеткенше конторда есепші, кассир болып жұмыс жасайды. Ал, Тұрсын ата қысқа мерзімді курсты бітірген соң жасынан трактор айдап, егістік алқабында еңбек етеді. Үкімет қандай жұмыс ұсынса соны кәсіп қылып, тіпті қозы-лақ бағып та өмірін нағыз еңбектің қайнаған қазанында өткізеді. Талғар қаласындағы техникумды, кейін Алматы қаласындағы Ауылшаруашылығы институтын инженер-механик мамандығымен тәмамдайды. Өз мамандығы бойынша жылдар бойы жемісті еңбек етіп, зейнеткерлікке шығады. Тракторшы болып басталған еңбек жолында механик, учаске бригадирі, бас инженер сынды міндеттерді мінсіз орындап, 11 жыл автобаза мекемесіне, 4 жылға жуық коммуналды шаруашылық мекемесіне басшылық жасайды. Ал, балаларының барлығының жоғары білімді меңгеруіне ықпал етіп, саналы перзенттер қатарынан өсіреді. Бүгінгі таңда олардың барлығы үйлі-жайлы болып, өмірдің әр саласында өз мамандықтары бойынша табысты еңбек етуде. Тұрсын ата онға жуық немере, оннан астам шөберенің ардақты атасы.
-Соғыстан кейінгі жылдарда өзіміз мектеп оқушысы болсақ та, егістік алқабында тырма, арба айдап, бидай орып, әр каникулда демалыс күндерін еңбекпен өткіздік. Осылайша, халықтың әл-ауқатының артуына үлес қостық. Ата-анамыз да бізді еңбекқорлыққа, үлкенді сыйлауға, өзара қамқорлыққа, бір жапырақ нанды бөлісіп жеуге үйретті. Ал, бүгінгі заман мүлдем басқа. Бүгінгідей дамыған заманда жастардың білім алып, еңбек етуі үшін барлық жағдай жасалған.
Жалпы, жақсылықтың заманы баяғыда басталғанымен, адамдар арасында рухнани жұтаңдық байқалады, мейіріміділік аз. Салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды жоғалтыңқырап алғандығымызданба, жақсылық пен жамандықтың аражігін салмақтай алмайтын қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Осы жағы көңілімді қынжылтады. Алайда, техника мен технология күн санап дамып жатқандығы жақсылыққа балайтын іс. Сондықтан, жастарға жарқын болашақ, елімізге тыныштық, халқымызға бейбіт өмір тілеймін-деген Тұрсын ата әңгімесін ақ батамен аяқтады.
Динара Батырхаирова.