Жастар жүлдесіне арналған жарыс
Спорт – түрлі көзқарастағы адамдарды бір ортаға шоғырландырған әлем десек, артық айтқандық емес. Себебі спорт жайлы сұхбат құрған жандардың ойы бір арнаға тоғысады. Ал, ол сұхбат спорттың бір саласына арналған болса, әңгіме тіптен бөлек.
Сүйкімі ортақ, көрермені көп спорттың бірі – волейбол. Қырағылыққа, мергендік пен шапшаң әрекет етуге баулитын бұл ойын бұрыннан бүгінге дейін тіні үзілмей келеді әрі болашақта да бәйге тігілетін спорт болып қала берері хақ.
Алысқа бармай-ақ, ауданымыздың өзінде волейбол жақсы жолға қойылған. Оған ала доп десе ас ішуді ұмытатын аға буын өкілдерінің еңбегі дәлел. Сол дәстүрді жастардың жалғағаны бізді қуантады.
Оны жуырда ғана аудандық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған жастар арасындағы «Дені саудың жаны сау» атты волейбол турнирі айғақтай түсті. Жыл сайын бірнеше мәрте ұйымдастыруды қолға алған ЖРО жүлдесі үшін бұл жолы 15 команда бақ сынады.
Жарыстың ашылуында аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков сөз алып, спортшыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ спорт саулық кепілі екенін тілге тиек етіп, жастарды салауатты өмір салтын қалыптастыру ісіне үлес қосуға шақырды.
-Бүгін сіздермен спорт сайысында жүздесіп тұрмыз. Сол үшін шынайы қуаныштымын. Өздеріңіз білесіздер, спорт – саулық кепілі, салауаттылық тетігі. Жалпы алғанда. аудан спортында даму байқалады. Оған мемлекеттік қолдау өз септігін тигізгені сөзсіз. Бүгінгі сайыста баршаңызға сәттілік тілеймін! Жеңісті күндеріңіз көп болсын,-деді Бақытжан Оразалыұлы өзінің құттықтауында.
Мұнан соң жарыстың бас төрешісі Амантай Омаров сөз алып, өз ойын ортаға салды. Төреші ысқырығынан соң командалар алма кезек кездесіп, бірін бірі жарыс жолынан ығыстырып жатты.
Жарыс қорытындысы бойынша үздіктер қатарынан “Қорағаты” командасы көрініп, 3-орынға, “Бірлікүстем” командасы 2-орынға жайғасты. Ал қарсыластарынан оқ бойы озған “Шу” командасы 1-орынды иеленіп, жарыс жеңімпазы атанды.
Волейбол турнирінің жүлдегерлерін аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлы құттықтап, жеңімпаздарға арнайы марапат қағаздарымен, бағалы сыйлықтарды табыс етті.
Байжан Емберді.