Ақпараттық портал

Ерлікті қастерлеу – қасиетті борыш

Фашистік Германияның сауыты сөгіліп, тауы шағылғанына биыл 79 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында сұм соғыста ерлігімен танылып, қан майданда қасық қаны қалғанша шайқасқан соғыс ардагерлері жыл санап сиреп барады. Уақыт шіркін адамды аяған ба?! Тіпті, елі үшін еміренген жеңімпаздарды да аямады. Өкінішке орай, бүгінде ауданымызда көзі тірі соғыс ардагерлері қалмады. Алайда, көзінің тірісінде соғыстан кейін еліне келіп қызмет еткен азаматтар да аз болмады. Одан бөлек, соғыс жылдарында тылда еңбек етіп, майдангерлерге қолұшын берген отандастарымыз жетерлік.

Осыған байланысты, Ұлы Жеңістің 79 жылдығына орай аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков бастаған ауданымыздың атқамінерлері Т.Рысқұлов алаңындағы «Ешкім де ұмытылмайды» монументіне гүл шоқтарын қойып, батырлардың рухына тағзым етті. Сондай-ақ соғыс ардагерлерінің ерен ерлігіне құрмет көрсетіп, Кеңес Одағының батырлары С.Шәкіров пен С.Естемесовтың ескерткіштеріне және Даңқ аллеясындағы «Белгісіз жауынгер» ескерткішіне де гүл шоқтарын қойды. Салтанатты рәсімге Сәду Шәкіровтың ұл-қыздары да арнайы қатысқанын айта кеткен жөн.
Жасыратыны жоқ, жаңғырығы бүгінге жеткен қаһарлы соғыс жылдарының адамзат баласына салған салмағы, қайғысы мен азабы өлшеусіз екені сөзсіз. Дәл осындай қиындықты қайыспай көтеріп, майдан даласындағы отандастарына тылда жүріп-ақ көмек көрсетіп, еңбегі арқылы ұлы жеңісті жақындатуға атсалысқандар аз емес. Осыны ескере отырып аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлы мен мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов өңіріміздегі бірқатар тылда еңбек еткен ардагерлердің шаңырағында болып, өзінің сый-сияпаттарын табыс етті. Ең алдымен Жаңақоғам ауылдық округінің тұрғыны, елімізге белгілі композитор Серік Әденовтың шаңырағында болып, жасы 90-ға таяған ақсақалдың ақ батасын алды. Одан әрі аудан орталығында тұратын Матария Абуеваны да Жеңіс күнімен құттықтап, өз алғысын жеткізді.
Бұл күн бейбітшілікті қалайтын әрбір адамзат баласының ортақ мерекесі. Қаншама жан құрбан болған сұм соғыста ардагер ата-апаларымыз ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, әлемге бейбітшілік дәнін септі. Отан үшін кеудесін оққа тосып, жанқиярлық танытқан аға буынның қажырлы еңбегі адамзат тарихында алтын әріптермен жазылды. Ендігі кезекте оны ұмытпай, келер ұрпаққа насихаттау, ардагерлердің ерлігін қастерлеу – біздің қасиетті борышымыз.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.