Ақпараттық портал

Отан қорғаушылар күні аталып өтті

Ата Заңның айшықты бабында айтылғандай Тәуелсіз Қазақстан Республикасын қорғау – әрбір азаматтың қастерлі борышы. Анасы ұл таптым деп қалжа жеген әрбір бөрікті жан өз уақыты жеткенде Отан алдындағы міндетіп өтеп, сарбаз болып сапқа тұруы тиіс. Сонымен қатар, бабалардан қалған байтақ жер үшін жан беруге әзір болып, қиын-қыстау уақытта ел жанынан табылуы қажет.
Елімізде 7 мамырда Отан қорғаушылар күні белгіленгені белгілі. Бұл күн егемен елдің дербес әскерін құру туралы Жарлыққа қол қойылуымен ерекшеленеді. Атаулы мерекеге орай аудан әкімі аппаратында арнайы жиын өтіп, қорғаныс, азаматтық қорғау саласы мен әр салада жұмыс істеп, өз белсенділігімен дараланған азаматтар марапатталды.
Жиынды жүргізген аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев жиылғандарды ең алдымен төл мерекелерімен құттықтап, бұл күннің маңызына тоқталды. Сондай-ақ салтанатты сәтке аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Е.Досымбаев, Amanat партиясы аудандық филиалының төрағасы Б.Ниязбеков пен мәслихат депутаттары М.Сұлтанғазиев пен Ж.Әуес қатысты.
-Тәуелсіздік алғаннан бері әскеріміз нығайып, материалдық-техникалық база беки түсті. Мемлекетіміздің Жоғары бас қолбасшысымен стратегиялық шешімдер қабылданып, әскери әлеуетіміз дамып келеді. Сонымен қатар жас ұрпақтың әскери патриоттық сезімі ұшталуда. Оған өздеріңіздей жандардың қосып жүрген үлесі қомақты.
Сіздер әрдайым өз шәкірттеріңізді шыңдап, қарулы күштер қатарына шақырушыларды белсене тартып жүрсіздер. Біз оны жоғары бағалаймыз. Әрі ерекше құрметтейміз! Осы үде биігінде қалу біздің борышымыз бола бермек.
Халқымыздың басына қандай сынақ келсе де, ең алдымен ер азаматтар алға озатыны белгілі. Еліміздің біраз аймақтарын су басқан кезде де біздің шулықтар өздерін оң қырынан көрсете білді. Біз үшін бұл зор қуаныш, үлкен мақтаныш. Осындай жандарға қарап өскелең ұрпақ тәрбие алатыны ақиқат.
«Отан үшін күрес, ерге тиген үлес» деп ата-бабаларымыз тегін айтпаса керек. Осыны әрбір бөрікті ұл жадында тоқып, жалпақ дүниедегі жалпы мақсатын түсінуі қажет. Қазіргі таңда аса өзекті болып отырған мәселелердің бірі ұл мен ұрпақ тәрбиесі екені сөзсіз. Оны осы бастан қамдап, болашақта ержүрек Отан қорғаушыларды әзірлеуіміз керек. Бұл бабаларымыздың бізге қалдырған аманаты, – деді Найман Кенжеханұлы.
Бұдан соң марапаттау рәсімі өтіп, бірқатар азаматтар аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына, партияның марапат қағаздарына ие болды. Одан бөлек, Ерболат Әбжапарұлы қариялық лебізін білдіріп, ақ батасын берді.
Байжан ЕМБЕРДІ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.