Ақпараттық портал

Үстел теннисінен жарыс өтті

Спорт – саулық кепілі екені бұрыннан белгілі. Онымен шұғылданып жүргендердің тәні шымыр, санасы сергек болады. Спорттың сан алуан түрі денсаулыққа пайдалы. Соның ішінде үстел теннисінің бәсі бөлек. Бұл туралы ғалымдар да жиі айтып жүр.
Тағы бір қуантарлығы, үстел теннисі біздің өңірде де жолға қойылып, жарқын жарыстар өтуде. Солардың бірі Шу қаласындағы Абай атындағы орта мектебінде ұйымдастырылды. Отан қорғаушылар күніне орай өткен додаға аудан мектептерінен ер және әйел мұғалімдер қатысты.
Күн ұзаққа созылған жарыс жоғары деңгейде өтті. Әрі әріптестер өзара қауқылдасып, әңгіме өрбітіп жатты. Мұны осы жарыстың өтуіне ұйытқы болған аталмыш мектептің мұғалімі Бауыржан Искаков та мәлімдеп отыр.
Тартысқа толы сайыста бұрымды ұстаздар арасынан А.Балқыбекова дараланса, А.Бәкірова екінші орынды иемденді. Үздік үштікті Ж.Абдрахманова мен Г.Самандарова түйіндеді. Ал , 40 жасқа дейінгі ерлер арасында Д.Қожахановтың бағы жанып, Н.Әбіш күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ А.Әсен мен Т.Жетпісбай қола медальді мойындарына ілді.
40 жастан асқан ерлер арасындағы сайыс қызу өтті. Атап айтқанда Д.Ақшабаев жеңіс тұғырынан көрінсе, Б.Әшімбаев 2 орынды иемденді. Үлкен атты ауылдан келген қонақ Қ.Спанов пен Т.Амиров үштікті бекітті.
Мұндай жарысты өткізуді жыл сайынғы дәстүрге айналдырған Б.Искаков дода алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтып, өзіне қолдау көрсеткен Абай атындағы орта мектептің басшылығына өз алғысын білдіруде.
Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.