Сарбаз болуға баулитын спартакиада
Биыл Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, армия генералы болған Сағадат Нұрмағанбетовтың туғанына 100 жыл. Бұл ерлікті өнеге тұтқан халық үшін аса маңызды дата. Себебі саналы ғұмырын халқына арнап, армияға айбын берген тұлғаларды ұмытуға болмайды.
Осыған орай, Шу аудандық “Жастар ресурстық орталығы” мекемесінің ұйымдастыруымен 7 мамыр-Отан қорғаушылар күніне және батырдың ғасырлық мерейтойына орай «Ел ертеңінің тірегі» атты аудандық спартакиада өткен болатын. Жүзден аса жас бақ сынаған додада жалпы саны 12 команда қатысып, өзара үздікті анықтады.
Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында мұрындық болған айтулы шараның ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
-Жастар -елдің ертеңі. Сондықтан сіздер рухы берік, тәні шымыр, ойы ұшқыр азаматқа айналуларыңыз керек. Бүгінгі шара соған үндейді, әскери-патриоттық тәрбиеге баулиды. Осы жарыста жүзден жүйрік атануларыңызға тілектеспін! Баршаңызға сәттілік тілеймін,-деді Найман Кенжеханұлы.
Барлығы 5 сайыс бойынша өткізілген бәсеке қорытындысымен үздіктер іріктелді. Мәселен, “М.Әуезов” командасы қола жүлдені иеленсе, “Е.Бекмаханов” командасы 2 орынға жайғасты. Ал, “Б.Момышұлы” командасы 1 орынды иеленіп, жарыс жеңімпаздары атанды.
Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы марапат қағаздары мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Әрі шараға белсене қатысқандары үшін алғыс айтылды.