Ақпараттық портал

Ауыл шаруашылығы техникасын дамытуға серпін беру қажет

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ақмола облысына жұмыс сапары аясында өңірдің бірқатар жүйе құраушы өнеркәсіптік кәсіпорындарына барып, құрылыс және жылу оқшаулағыш материалдар, ауыл шаруашылығы және жүк техникасы өндірісін арттыру перспективаларымен танысты.

Премьер-Министр Kazrost engineering Ltd компаниясы цехтарын аралап көрді. Кәсіпорын ауыл шаруашылығы техникасын шығаруға маманданған, бағдарламаланатын талшықты-оптикалық лазерлік станоктармен, заманауи табақ ию және құбыр бүккіш станоктармен, жартылай автоматтандырылған дәнекерлеу аппараттарымен, CББ бар жону-фрезерлік жабдықтарымен және өндіріс процесіне қажетті басқа да құрылғылармен жабдықталған. Зауытта жыл сайын 1 мың комбайн мен 1 мыңға дейін трактор шығарылады. Кәсіпорын астықты өңірлердің бірінде орналасқандықтан өндірілетін өнімге сұраныс жоғары. Негізгі тапсырыс беруші – «ҚазАгроҚаржы» АҚ.
Kazrost Engineering Ltd басқарушы директоры Дарын Иманмұсаев өндірісті кеңейту және моделдік қатарды ұлғайту жөніндегі алдағы жоспарлар туралы баяндады. Локализацияны тереңдету және қазақстандық қамту көлемін ұлғайту мақсатында кабиналар, көлбеу камералар мен капоттар өндірісі бойынша қосымша цех салынып, заманауи жабдықтармен жарақтандырылатын болады. Қазіргі уақытта жобалау және жобалау алдындағы құжаттама пысықталуда.
Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы саласында машина жасауды дамытуға елеулі серпін беру қажеттігін атап өтті. Аталған бағытта Үкімет отандық кәсіпорындарды қолдауға ниетті, сондай-ақ Kazrost Еngineering Ltd, Claas және басқаларын мысалға ала отырып саладағы әлемдік жетекші компаниялар өндірісін локализациялауға мүдделі. Осыған байланысты жақын арада осындай кәсіпорындарды қолдаудың, оның ішінде импорттық техниканы субсидиялаудан бас тарту және Қазақстанда өндірілген техникаға субсидияларды арттыру жолымен қолдаудың жаңа құралдары енгізілетін болады.

ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.