Тиісті ұсынымдар қабылданды
Бейсенбі күні «Amanat» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңестің отырысы өтіп, оған аудан әкімінің орынбасары Б.Бетбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ж.Әбенов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Е.Досымбаев, қоғамдық кеңес мүшелері, жекелеген мекеме басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде ««Jibek Joly» (Химпарк) арнайы экономикалық аймағында (АЭА) атқарылып жатқан жұмыстар және «2023 жылы аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен көрсетілген мемлекеттік қызметтер бойынша атқарылған жұмыстар туралы» екі мәселе қаралды.
Жиынды ашқан қоғамдық кеңес төрағасы Ерболат Әбжапарұлы қатысушыларды күн тәртібі және жұмыс регламентімен таныстырды.
Мұнан кейін күн тәртібіне сәйкес «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы Қайрат Кенжебекұлы және аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жадыра Каликов баяндама жасады.
Кеңес отырысына қатысушылар баяндамашыларға сала жұмысына қатысты көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, мардымды жауаптар алды. Сондай-ақ, бірқатар ұсыныстар айтылып, назарға алынды.
Мысалы, аудандағы №10 Шу колледжінің директоры Т.Мұсаева зауытқа қажетті мамандықтар бойынша аталмыш білім ордасымен бірлесіп жұмыс жасауға шақырды. Өйткені, бұл колледж аудандағы жалғыз мемлекеттік оқу орны әрі кәсіптік білімге негізделген. Сонымен қатар, мұндағы студенттердің басым бөлігі әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан балалар. Сол себептен, алдағы уақытта зауыт жұмысына жергілікті мамандарды тартып, бірінші кезекте осы колледжді тәмамдаған мамандардың жұмыспен қамтылуы маңызды деп санайды. Ал, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Өмірәлиев сырттан келген инвесторлармен меморандум жасасқан кезде аудан басшылығы аудан өмірінің өркендеуіне қатысты үлкен мәселелерді алға қою қажеттігін жеткізді. Сондай мәселелердің бірі ретінде Б.Ниязбеков баспана салу, Ж.Чекаев Төле би ауылындағы орталық саябақты ретке келтіру, балалар ойын алаңын салу мәселелерін көтерді. Ал, Мақсат Лесханұлы кез келген инвестордың өз жұмысын жүзеге асырып отырған өңірдің дамуына үлес қосуы Мемлекет басшысының тапсырмасы екендігін назарға салып, қозғалған мәселелер бойынша тиісті орындарға хат жолдап, оның нәтижесіне сәйкес алдағы уақытта тағы бір жиын өткізу жолға қойылу керектігі жөніндегі ұсынысын айтты.
Тараптарды тыңдаған Қайрат Кенжебекұлы қажетті мамандық иелеріне қатысты мәлімет «Еңбек kz» порталына жарияланатынын, «Jibek Joly» АЭА тұралап қалған жұмысты жандандыру бағытында тың мақсаттарды қолға алып отырғандығын, зауыт жұмысы бір арнаға түскен соң өзге де мәселелер бойынша бірлескен жұмыс жүргізілетіндігін мәлімдеді.
Аудан әкімінің орынбасары Б.Бетбаев тиісті сала басшыларымен бірге зауыт жұмысын көзбен көріп, зерделеу жұмыстарын жүргізіп, ауданымызбен байланыста жүзеге асатын жұмыстарға қатысты мәселелерді назарға алу үшін келесі аптада «Jibek Joly» АЭА-на жұмыс сапарын ұйымдастыруды жауапты тұлғаларға міндеттеді.
Жалпы, қоғамдық кеңес отырысы барысында күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралып, талқыланып, тиісті ұсынымдар қабылданды.
Динара Батырхаирова.