Ақпараттық портал

Жолың болсын, жас түлек!

Ел басқарған елбасы да, қоғамға еңбегі сіңген қайраткер де, халық қамын ойлаған депутат та, тіпті профессор, академик, бәрі-бәрі мектеп атты киелі шаңыраққа келгенде бас иіп, тағзым етпей кірмейді. Білім ордасы алтын ұя деп аталуы текке емес, өйткені мектеп жалпы адамзаттың екінші үйіне баланғанына неше жыл, неше ғасыр. Біздің қасиетті Шу өңірінде жағалай орын тепкен 45 жалпы білім беру ұйымы бар, солардың қатарында небір атпал азаматтарды түлеткен, ғасырға жуық тарихы бар білім ошақтары да жоқ емес. Сондай-ақ, ел егемендігін алған күннен бастап мемлекетпен қатар өркендеп, талай қарлығаштарды ұшырып, еліміздің білім сапасын арттыруға сүбелі үлес қосып келе жатқан мектептер де жоқ емес. Солардың бірі – Шу қаласындағы «Жібек жолы» мектеп-лицейі. Биылғы жылы көш түзеген атаулы, даталы жылдармен қатар «Жібек жолы» мектеп-лицейінің де ашылғанына 30 жыл толып отыр.

Осыған орай, 25 мамыр күні «Жібек жолы» мектеп-лицейінде “Білім шыңындағы 30 жыл” атты тағылымы мол салтанатты жиын өтті. Оған аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудандық мәслихаттың төрағасы Жасұлан Әбенов, аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрар Дүрманов, Шерхан Мұртаза атындағы Тараз инновациялық институтының мемлекеттік-құқықтық пәндер кафедрасының меңгерушісі, заң саласының PhD докторы Талғат Сәткей, азаматтық және қылмыстық құқық кафедрасының меңгерушісі, заң саласының PhD докторы Асхат Газаев, “Жаратылыстану мамандықтары” кафедрасының аға оқытушылары Айнұр Ермекова, Бақтыбек Сабуров және аяулы мектептің ардагер ұстаздары қатысты.
Ең алдымен аталған мектептің жасұландықтары сап түзеп, келген қонақтарды ілтипатпен қарсы алды. Қонақтар мектеп ауласына енгеннен кейін “Фитодизайн”, “Шеберлер қаласы” үйірмелері кабинеттерінің ашылу салтанаты өтті. Атап өту керек, «Жібек жолы» мектеп-лицейінің оқушылары түрлі ғылыми жобаларымен облыстық, республикалық деңгейде орын алып жүр. Қазіргі экологиялық ахуал күрделенген заманда қоршаған ортаны көгеріштендіру, қалдық заттарды кәдеге жарату мәселесі ең өзекті. Осыған дейін күрделі мәселелердің шешу жолдарын қарастырып, түрлі жобаларын ұсынып жүрген оқушылар ұстаздарымен емін-еркін кабинетте жұмыс жасайтын болады. Сондай-ақ, “Шеберлер қаласы” үйірмесінің кабинетінде қоғамға қажетті түрлі нысандардың макетін дайындайды.
Биылғы жылы ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 25 мамыр-“Соңғы қоңырау” салтанатын ысырапшылдыққа, даңғазалыққа жол бермей, барынша тәрбиелік мазмұнда өткізуді тапсырған болатын. Білім тізгінін ұстаған министрдің ойын тереңінен түсінген «Жібек жолы» мектеп-лицейінің директоры Гүлбарам Тұрлыбек тағылымы мол жиынның жүйелі өтуіне жіті назар аударғаны көрініп тұрды. Мектеп бітіруші түлектер үлкен өмірге алғашқы қадам жасауында мамандық таңдаудың маңызы зор екендігі анық. Қонақтарға жаңа модификациялық кабинеттер таныстырылғаннан кейін мектеп тарихына шолу бейнеролигі көрсетілді. Сондай-ақ, «Көшбасшыға 100 сұрақ» пікір алаңында мектеп түлектері аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлына және Ш.Мұртаза атындағы Тараз инновациялық институтының қызметкерлеріне көкейіндегі сұрақтарын қойып, тың мағлұматтар алды.
Бұған қоса, білім ордасының 30 жылдық мерейтойында озық тәжірибе тарату бойынша республикалық ғылыми-әдістемелік журнал лентасының қиылу рәсімі де өтті. “Білімің болса дағы ұшан-теңіз, пайдасы жоқ халыққа қызмет етпей” деп бір кездері Шал ақын жырлағандай, өзіңе ұнаған саланың қыр-сырын білу бір бөлек те, білгеніңмен бөлісу тіптен бөлек. “Ізденген жетер мұратқа” демекші, өз мамандығыңның ой-шұқырын зерделеп, жүріп өткен жолдардағы іс-тәжірибеңді тірнектеп жинап, оны бір жинаққа топтастыра білу де үлкен өнер. Міне, соны жанымен ұғынған мектеп лицейдің ұстаздары ғылыми-әдістемелік журналдың маңыздылығының жүгін сезіне білген жандар. Республикаға тәжірибе ретінде таратылатын журналдың ауданның абыройын көтеретіні сөзсіз.
Салтанатты жиын соңында «Жібек жолы» мектеп-лицейі Шерхан Мұртаза атындағы Тараз инновациялық институтымен бірлесе екіжақты меморандумға қол қойды. Аталған институт мектеп оқушыларына әсіресе түлектерге кәсіби бағдар берумен айналысып, өскелең ұрпақтың мықты маман иесі болып қалыптасуына даңғыл жол салады деп сенеміз. Әрқашан Шу ауданының білім бөлімінің қанатының астындағы білім ордалары шәкірт тәрбиелеуде аянбай, білім мен ғылымға ден қойып, елдің келешегі үшін келелі істерді тындыра берсін!

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.