Алғалықтар Азия чемпионына ат мінгізді
Ел мерейін асырып, мәртебесін асқақтататын саланың бірі – спорт. Оның ішінде боксқа бүйрегі бұрып, жаны күйіп жүретін жандар жетерлік. Мектебі мықтап қалыптасқан өңір боксының бұл күнде әлемдік аренада атой салып жүрген шәкірттері көптеп шығып жатқаны жасырын емес.
Мамыр айының бас кезінде Астана қаласында жастар мен 22 жасқа дейінгі боксшылар арасында Азия чемпионатында ерлер командасы 12 медаль еншілесе, бұрымдылар да бәсекеден 12 медальмен оралды. Солардың арасында жерлестеріміз, 80 келі салмақта өзінің мықтылығын паш еткен Мадияр Бексұлтанов пен 92 келі салмақта атой салған Бекнұр Батырбек бар. Қос чемпионның жеңісі жерлестерімізді жігерлендіргені сөзсіз.
Ауылдарына абыроймен оралған қос чемпионға жерлестері лайықты құрмет көрсетті. Бұған дейін Мадиярға меркілік ағайын ат мінгізіп, ардақтаған болатын. Дәл осындай қошемет Бекнұрға да көрсетілді.
Шу ауданы, Алға ауылдық округіндегі Амангелді атындағы орта мектепте өткен салтанатқа аудан әкімінің орынбасары Бақыт Бетбаев арнайы барып, чемпионның ата-анасына аудан басшысының Алғыс хатын табыс етті. Сондай-ақ Бақыт Аязұлы аудан даңқын асқақтатқан алтын ұлға ел атынан ризашылық білдіріп, алдағы жекпе-жектеріне сәттілік тіледі.
Осыдан соң алғалықтар көпшіліктің алдында Азия чемпионына ат мінгізді. Бұл мерейлі сәт ең алдымен ата-анасына, ұстаздары мен ізінен ерген іні-қарындастарына әсер еткені сөзсіз. Себебі, осындай шаралар өсем деген жастарды ынталандырады.
Халқымызда «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейтін даналыққа толы сөз бар. Сондықтан осы айтулы шарада бала Бекнұрды боксқа баулып, алғаш томағасын сыпырған бапкері Нұрлан Топашев та ұмыт қалмады. Округ әкімі Бағдат Есбергенов чемпионның алғашқы бапкеріне шапан жауып, арнайы ілтипат білдірді. Сонымен қатар төл шәкірті де жаттықтырушысына сый-сияпат жасап, құрмет көрсеткен ауылдастарына алғысын білдірді.
Бұдан бөлек, мектеп ауласында сазды бағдарлама ұсынылып, ауыл қариялары мен тұрғындары жас чемпионға ақ баталарын берді. Біз де басылым атынан боксшыны жеңісімен құттықтаймыз! Жеңісті, жемісті күндері көп болып, олимп шыңын бағындыра беруіне тілектеспіз!
Байжан Емберді.
Суретті түсірген Ануар Қалмаханбет.