Батыр баба рухына тағзым. Шымыр ата ұрпақтары Ташкентте құран бағыштап, ас берді
Ала шапанды ағайындармен достық қарым-қатынас бүгін ғана емес, тым әріден бастау алатынын айта кетуіміз керек. Бұған Әйтеке бидің Өзбекстанның Науаи облысында жерленуі, ал Төле бидің сүйегінің Ташкентте жатуы секілді жайттар дәлел бола алады. Шын мәнінде, қазақ атқа қонса, қыздары қырымды, ұлдары ұрымды жаулаған. Жуырда Тараз қаласынан үш автобуспен Ташкентке жол тартқан бір топ адам тарихи тұлғаларымыздың бірі, аты ұрпағына ұран болған Ұлы жүздің Дулат тайпасының бір бұтағы – Шымыр атаның басына барып, құран оқылған асқа қатысып қайтты.
Үш жүзге жуық жамбылдық делегация арасында біздің ауданымыздан Құрметті теміржолшылар Тұрсынбай Халық пен Қайрат Сазаев, ауданымызға белгілі кәсіпкер Серік Асатов, Қазақстан Республикасын-дағы Чуваш этномәдени орталығының төрағасы Никита Храмов болды.
Жалпы, Өзбекстандағы Шымыр атаның кесенесін үш ұлынан тараған үрім-бұтағы 2000 жылы қайта жаңғыртқан деседі және бабаның ұрпақтары әр жыл сайын ас беріп тұруды дәстүрге айналдырған. Негізінен Шымыр атаның ұрпақтары Түркістан және Жамбыл облыстарында тұрады.
Қонақтар әуелі Өзбекстан астанасындағы аумағы 4 гектарды құрайтын мешіт пен кесене орналасқан “Шымыр ата” мемориалдық кешеніне ат басын бұрды. Мұнан кейін Ұлы жүздің төбе биі – Төле бидің кесенесіне келді. Аталған екі орында бабаларымыздың рухына арнап құран оқылды.
Жалпы, биылғы асты Жамбыл облыстық “Шымыр ата” қоғамдық қорының төрағасы, Жамбыл облысынын “Құрметті азаматы”, “Құрмет”, “Парасат”ордендерінің иегері Оңласын Есіркеповтің жетекшілігімен Шымыр атаның Жаңабайдан тараған ұрпақтары ұйымдастырған. Сонымен қатар, баба рухына арналған асқа Алматы, Жетісу облыстары, Алматы қаласы Шымыр баба ұрпақтарының атынан келген, “Қосы батыр” қорының төрағасы, темір жол саласының ардагері, Құрметті теміржолшы, “ҚТЖ”ҰК” АҚ-ның Жамбыл, Орал теміржол бөлімдерін басқарған, Алматы облысының Құрметті азаматы Дәулетбай Есімбеков, Тараз қалалық тәжік этномәдени қоғамдық бірлестігінің президенті Махкам Орифов, Тараз қалалық өзбек этномәдени қоғамдық бірлестігінің президенті Абдурахман Зайнудинов, тағы басқа белгілі азаматтар қатысты.
Өзбекстан Республикасының астанасы – Ташкент қаласындағы «Узбегим» мейрамханасында өткен аста Шымкент қаласынан арнайы ат терлетіп келген Еңбек ардагері Әліпбек Мырзагелдиев баба рухына құран бағыштады. Ал, Еңбек ардагері, ұзақ жыл білім саласында тер төккен Жуалы ауданының «Құрметті азаматы», білім беру саласының үздігі, Шымыр атаның ұрпағы Әбілқасым Ергебеков дастарханға бата берді.
Сондай-ақ, Тұрар Рысқұлов ауданының «Құрметті азаматы», Жамбыл облысының «Құрметті ардагері», «Достық» орденінің иегері, «Қазақстанның Құрметті зоотехнигі», Сиқым бабаның ұрпағы Санат Қырықбаев, Қ.Сәтбаев атындағы ұлттық университеттің профессоры, Қазақстан минералдық ресурстарының академигі, Жуалы ауданының «Құрметті азаматы», Жаңабай атаның ұрпағы, Алматы қаласынан келген Медетхан Заппаров, Алматы, Жетісу облыстары Шымыр ағайындарының атынан келген Балуан Шолақ бабаның ұрпағы Дәулетбай Есімбеков, Түркістан облыстық «Шымыр ата» қоғамдық қорының төрағасы Орынбасар Лештаев сынды азаматтар сөз сөйлеп, Шымыр атаның қазақ пен өзбек халықтарының тарихындағы рөлі жөніндегі ой-пікірлерін ортаға салды.
-Алла Тағаланың рахымымен батыр әрі әулие бабамыз – Шымыр атаның әруағына бағышталған аста тағы да бас қосып отырмыз. Ізгі дәстүрге айналған ақ ниетіміз қабыл болғай.
Әулие Шымыр атамыз қазақ хандығының қалыптасып, нығаюы кезінде өмір сүрген, өз заманының қайраткер, кемеңгер тұлғасы. Ташкент, Сайрам қалаларында билік жүргізіп, бек атанған Шымыр бабамыз ұрпақтар есінде мәңгі сақталады. Сондай-ақ Шымыр бабамыз өзі ғана батыр болған жоқ. Оның ұрпақтары да батыр болды. Шымыр-қолбасшы Қойгелді батыр, Мәмбет батыр, Байзақ датқа, Қосы батыр, Балуан Шолақ, Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, Өмірбек Байгелді, олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров және басқа да көрнекті тұлғалардың шыққан тегі.
Елдіктің бір белгісі – өмірден өткен бабалардың есімдерін ардақтау. Біздер, Шымыр бабаның Жамбылдағы ұрпақтары кезінде Ташкент төріндегі осынау еңселі кесененің батырдың ерлігі мен рухына лайықты жаңғыртылуына жұмыла атсалысқан едік. Мұны баба рухы алдындағы перзенттік парызымыз деп түсіндік. Баба алдындағы ұрпақтың парызын өтеп, дәстүрлі ас-жиынға алыс-жақыннан келген баршаңызға ниет қабыл болсын. Бабамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқалы болсын, – деген облыстық «Шымыр ата» қоғамдық қорының төрағасы Оңласын Есіркепов Шымыр атаның Ташкенттегі қабірін анықтау, кесенені жаңғырту жұмыстарын ұйымдастырған және осы істерге демеушілік танытқан азаматтардың есімдерін атап, алғыс білдірді. Сонымен қатар, «Шымыр ата» қоғамдық қорының атынан баба рухына бағышталған асқа атсалысқан ата ұрпақтарына рахмет айтты.
Жалпы, еске алу шарасы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, оған қатысушылар зор рухани әсер алып қайтты.
Динара Батырхаирова.