Ақпараттық портал

Түлектер туған жерді түлетті

Адам баласының аяулы кезі – мектеп қабырғасындағы мезет. Тарыдай болып еніп, таудай болып шыққан жандардың барлығы шәкірттік шағын сағынып, қызыққа толы сәттерін еске алып жатады. Ал, алтын ұясынан 10 жыл, 20 жыл бұрын ұшқан түлектердің өткенді еске алу үшін басқосуы жөні бөлек мереке.
Биыл 1987 жылы туған ұл-қыздардың мектептен түлеп ұшқандарына 20 жыл толып отыр. 2004 жылы соңғы қоңырауға куә болып, үлкен өмір есігін аттаған азаматтар бүгінде бір-бір кәсіптің көзін тауып, түрлі саланың тұтқасын ұстап жүр. Алысқа бармай-ақ ауданымыздағы 3 ауылдық округтің әкімі 20 жылдықты атап өтуде. Олар Далақайнар ауылының әкімі Болат Ошанов, Жаңа жол және Қорағаты ауылдық округінің әкімдері Дархан Әліпбаев пен Әділ Диханбаев.
Далақайнар, Бірлікүстем, Жайсан ауылындағы мектептердің 2004 жылғы түлектері ас ішіп, аяқ босатпай, сауапты іске де ұйысуда. Мәселен, Т.Әшімбаев атындағы орта мектепті 20 жыл бұрын бітірген түлектер ауылдың кіреберісіне елді мекеннің тынысынан хабар беретін төлқұжат орнатқанына куә болдық.
Ал, Домалақ ене мектебінің түлектері Бірлікүстем ауылына киіз үй нобайында аялдама салып, ауылдастарының ақ батасына бөленгені белгілі болды. Сондай-ақ Жайсан ауылының жиырма жылдық түлектері күрежолдың бойына қақпа орнатып, ауылдарының атын айшықтап берді. Онымен қоса, түлектер 20 жылдыққа орай кіші футболдан жарыс өткізіп отыр.
Естелік ретінде ауылдарын ажарландырған түлектер алтын ұя мектептеріне барып, ұстаздарына құрмет көрсетуді де ұмытпады. Тіпті, соңғы қоңырау салтанатына қатысып, мектеп ішін аралады. Ұстаздарынан ұлағат алған түлектердің бұл ісіне біз «бәрекелді» дейміз. Себебі, олар «Бірлік бар жерде тірлік бар» екенін іс жүзінде дәлелдеп, туған жерін түлетіп отыр.
Бұдан өзге 30, 40, 50 жылдық түлектер де игі шарадан шет қалмағанына кәміл сенеміз. Осылайша, халықтың ақ батасын алып, өскелең ұрпаққа өнеге көрсетіп отырғандарына алғыс та айтқымыз келеді.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.