Ақпараттық портал

Қарудың қыр-сырымен танысты

Аға буынның алаңдайтын мәселесі – ұрпақтың ұсақталуы. Себебі бос ыржаң, ерсі қылық, көпсөзділік азаматтың тұла бойындағы қасиетті кеміте түседі. Одан бөлек, өскелең ұрпақтың патриоттық сезімінің пәс болуы да көңілді күпті ететін дүние. Мұндай мәселеден бізді құтқаратын нәрсе, ол – ұдайы күрес пен ұлағатты тәрбие. Мұны мейлінше ұққан жандар осы бағытта жемісті жұмыс істеуде.
Сондай шараның бірі – Ақсу ауылдық округінде өткен болатын. Оразалы батыр ауылындағы Кенен Әзірбаев атындағы орта мектебінің мәжіліс залында өткен мазмұнды шараны аудандық Жастар ресурстық орталығының Ақсу ауылдық округі бойынша жастар ісі жөніндегі маманы Елдос Әбішев пен аталмыш білім ошағы бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Ең алдымен мектеп директоры Қайратбек Тасибеков жоғары сынып оқушыларына әскери-патриоттық сезімнің түпкі мәнін түсіндіріп, Отанды қорғау – әрбір азаматтың қастерлі борышы екеніне тоқталды. Одан соң Ақсу шекара бөлімшесі бастығының міндетін уақытша атқарушы, лейтенант Алихан Ақылбеков АКС 74У автоматы мен РПК 74 пулеметінің шығу тарихымен таныстырып, әрбір бөлшегінің атқаратын міндетін атап өтті.
Танымдық сағатқа мектептің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні мұғалімі Дулат Жайықбаев та атсалысып, өз жанынан қосымша ақпарат ұсынды. Ақпарат ұсынып қана қоймай, атыс қаруларын жақыннан көрсеткен А.Ақылбековқа алғысын айтты.
Жастарға әскери-патриоттық рухта тәлім беру шарасының соңында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әлия Көшкімбаева сөз алып, қонаққа ризашылық сезімін білдірді. Сондай-ақ шәкірттерді шарадан сабақ алып, әрдайым Отанды сүйіп, келешекте әскер қатарында борышты өтеуден қашпауға шақырды.
Адам баласы естігеннен бөлек затты қолымен ұстап, көзбен көрсе, әсері ерекше болмақ. Дәл осындай сезімді бастан кешірген оқушылар бұл шарадан тәлім алғаны сөзсіз. Сондықтан мұндай шараның ауқымын кеңейтіп, мектептерді мейлінше қамтыған жөн деп санаймыз.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.