Ақпараттық портал

Бала жүрегіне қуаныш сыйлайық!

«Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз». Еліміздің болашағы – ертеңгі тәртіпті де тәрбиелі ұрпақ екені даусыз. Сол тәртіпті, тәрбиелі ұрпақ өсіру – баршаға ортақ міндет. Балаларымызды қалай тәрбиелесек болашағымыз солай болмақ. Келешегіміздің қожасы балаларымызды білімді де мәдениетті, тәрбиелі де әдепті, кішіпейіл де қарапайым етіп тәрбиелеу өз қолымызда.
Бала – өміріміздің жалғасы, көз қуанышымыз. Ұлттың ертеңі. Сенімді тірегі. Бейбіт елде қашанда баланың риясыз сыңғырлаған күлкісі естіледі. Сәбидің сыңғыр күлкісі әлемді жамандық атаулыдан қорғап, шуақты нұрын шашады. Бала – біздің болашағымыз. Оған көрсеткен мейіріміміз бен махаббатымыз оның келешегінің іргетасын қалайды. Жақсылықты көріп өскен бала есейгенде өзі де өзгелерге жақсылық жасап, жанашырлық танытып, көмектесетін ұлтжанды бала болып өсері анық. Сол себепті де үлкендер әркез баланың маңдайын сипап, қолдау көрсетіп, жанынан табылғаны дұрыс. Бала үшін ата-ананың махаббаты аса маңызды. Әлемде махаббаттан асқан ұлы сезім жоқ. Әсіресе, бала мен ата-ана арасындағы риясыз махаббат.
1950 жылы 1 маусымда бірінші рет Халықаралық балалар күні жарияланып, осы уақыттан бастап бұл мереке жыл сайын аталып өтіледі.
1 маусым – балалық шақтың басты мерекесі – жаздың алғашқы күні. Бұл күннің басты мақсаты – қоғамда балаларға ерекше қамқорлық көрсетіп, әркез мейірім мен махаббатқа бөлеп өсіру. Баланы махаббатпен тәрбиелеп, өсіру оның келешегіне тікелей әсер етеді. Балалық шағы қызық әрі көңілді өткен баланың өмірге деген көзқарасы өзгеше әрі жарқын болады.
Қазақстанда 1 маусым күні балаларға арналған көптеген мәдени шаралар ұйымдастырылып, жалпыхалықтық деңгейде аталып өтіледі. Ауданымызда аудандық, қалалық, ауылдық кітапханаларда да осы мерекеге орай өткізілген іс-шаралар баршылық. Атап айтсақ, №3 Шу қалалық кітапхана қызметкерлері «Бала жүрегіне қуаныш сыйлаймыз» атты ойын сағатын өткізді. Аталған шарада мысық пен тышқан, сөзжұмбақ шешу, кім жылдам т.б. ойындар ұйымдастырылды. Бүлдіршіндер ойынға белсене қатысып, тамаша әсер алып, жақсы көңіл-күймен тарасты.
Ендеше барлық балаларды төл мерекелерімен құттықтаймыз. Болашақ ұрпақ әрқашан бейбітшілікте өмір сүруіне және елін, жерін қорғайтын азаматтар болып өсуіне тілектеспіз! Балалар жыламасын!
Қ.Байсейтова,
№3 қалалық кітапхана меңгерушісі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.