Ақпараттық портал

Баланың бәрі бақытты болса, сол бақыт…

“Бақыт деген сенің бала күндерің” деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай, нағыз қамсыз, алаңсыз, бал дәуренің – бала шағың. Әйтсе де сол бала шақтың бақытты сәттермен есте қалуы үшін қоғам болып атсалысу қажеттігін кейбір жандар ұғынбай жатады. 1 маусым – жәй ғана балалар күні емес, Халықаралық балаларды қорғау күні болып бекітілуінде үлкен мән жатыр. Балаларды қорғау дегенді бұрмалап, әзілге айналдырып “балаларды неден қорғаймыз, кімнен қорғаймыз?” деп жүргендер де жетерлік. Тарихтан белгілі, небәрі 5-6 жасында қабырғасы қатайып, бұғанасы бекімей жатып-ақ ата-бабаларымыз еңбекке жегіліп, әр күнін күмәнмен, қорқынышпен өткізіп, анасының көз жасына көңілдері босағаны. Міне, сол бір қиын сәттер де артта қалып, балаларымыз мамыражай шақтардың бал дәмін татуда. Соған сай балаларымыздың құқықтары қорғалуы тиіс. Әр бала толық отбасында тәрбиеленіп, отбасылық зорлық-зомбылықтың зардабын тартпай, әр күні қуаныш-қызықпен өткені абзал. Хадистердің өзінде “Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады” деген құдіретті сөз бар.

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, еліміздің түкпір-түкпірінде балалардың көңілін аулауға, жүзіне қуаныш нұрын сыйлауға бағытталған түрлі іс-шаралар өтеді. Соның бір легі біздің ауданда да орын алды. М.Жүнісәлиев саябағында таңсәріден әсем әуен төңіректі тербеп, баланың у-шуы ол әуенге реңк беріп, балалар мерекесі басталып кетті. Төле би ауылының орталығындағы саябаққа еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін жиналып, мерекенің сәні кірді. Саябақтың безендірілгеніне қарап, өскелең ұрпақтың біліммен қаруланып, спортпен шұғылдануына ерекше назар аударылғанын аңғарасыз. Аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков бастаған бір топ атқамінер азаматтарымыз да балғындарымыздың көңілін аулап, солардың жүзіндегі қуаныштың куәсі болды.
Аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің қызметкерлері спорттық жарыстарға арналған түрлі бағандары мен құралдарын орнатса, аудандағы түрлі қосымша білім беру мекемелері көрсең көз тоятын көрмесін ұсынды. Бұған қоса аудандағы ерекше балалардың да жұмысы сатылымға шығып, олардың қолөнер жұмыстарын қызыққан жандар сатып алып жатты. “Қуыршақ” театры да өздерінің ертегілік қойылымдарын кішкентай көрермендерге паш етті.
Бұл жолғы концерттік бағдарлама бұрынғыдан бөлек болды. Сахна төрінде аудандағы қосымша білім беру мекемелерінің өрендері әуелете әндерін шырқап, мың бұрала билерін биледі. Бұған қоса балдәурен балғын шақтың қызығына тояттай алмай жүрген, ойы еркін бүлдіршіндеріміз асфальт бетіне жарыса сурет салып, төңіректі нұрландырып жібергендей. Мерейлі мерекеге жиналған, жүздері бал-бұл жанған балалармен қатар олардың ата-аналары да назардан тыс қалмай, түрлі тренингтер мен қызықты ойындарға қатысты. Тиісінше мерекеге атсалысқан бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарына арнайы марапаттар мен сыйлықтар үлестірілді. Бұл күні балаларға тоқтаусыз балмұздақтар сыйға тартылды. Балалардың мерекесінде барлық жақсылық атаулы кішкентай бүлдіршіндерге арналды. Тіпті, қаладағы ойын-сауық орталықтарында жасалатын аквагрим балаларымызға тегін жасалды. Сондай-ақ балалар түрлі аттракциондарда асыр салып, қалаған тәттілерін жеп, қалаған ойыншықтарын алып, қуаныштары еселенді. Әр баланың көңілді де бақытты балалық шағы болуы тиіс екеніне тағы бір мәрте назар аудартқан мереке жылма-жыл жалғасын тауып, бүлдіршіндердің әр күні бақытқа бөленсін.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.