КҮН ТӘРТІБІНДЕГІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ
Апта басында аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтың төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Ауылдық округ әкімдері, бөлім мен тиісті мекеме басшылары қатысқан кеңестің күн тәртібіне бірнеше мәселе қойылып, жауапты ауыл әкімі мен бөлім басшылары баяндама жасады.
Ең алдымен еліміздің «Мемлекеттік статистика туралы» Заңына енгізілген өзгерістер туралы аудандық статистика бөлімінің басшысы Гүлнар Аязова баяндап, заңдағы бірқатар өзгерістерге байланысты алдағы жұмыс жоспарының барысын атап өтті. Одан кейін қазіргі суға шомылу маусымы кезіндегі қауіпсіздік және өрттің алдын алу мәселелері бойынша аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Тимур Кариев сөз сөйлеп, атқарылған жұмыс пен алдағы сақтық шараларына қатысты ой-пікірін ортаға салды. Бөлім бастығының айтуынша, судағы қауіпсіздік мәселесіне қатысты жыл басынан бері 95 рейдтік іс-шаралар өткізіліп, 2500 жадынама таратылған.
– Тұтастай алғанда, аудан аумағында 40-қа жуық су айдындары бар. Оның ішіндегі ең ірілері – Шу мен Қорағаты өзені және Тасөткел мен Ақсу су қоймалары. Ағымдағы жылдың жазғы шомылу маусымында өңіріміздегі су айдындарында қайғылы оқиғалардың, адам өлімін болдырмау және алдын алу іс-шараларының арнайы жоспары бекітілді. Аталған жоспарға сәйкес, аудан аумағында «Судағы қауіпсіздік» тақырыбында мыңға жуық оқушылар қатысқан 45 дәріс өткізіліп, 558 жадынама таратылды. Одан бөлек, аудан тұрғындары арасында 1200 адам қамтылған 13 жиын ұйымдастырылды, – дейді бөлім бастығы.
Сонымен қатар, төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы дала өртіне қатысты өткізілген оқу-жаттығу жиындары, оған тартылған қызметкерлер мен техникалар туралы баяндады. Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Ерғазы Анатаев та баяндама жасап, ағымдағы жылы атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Ал аталған ауылға жүргізілген инспекторлық зерделеу жұмыстарының нәтижесін аудан әкімінің бас инспекторы Әділет Буденов баяндап, ауылдағы кем-кетік жұмыстарды, көше бойындағы жол белгілері, жарықтандыру сынды жұмыстардың тиісті деңгейде орындалмай отырғанын жеткізді. Кеңес соңында аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлы жоғарыда аталған бөлім басшылары мен ауыл әкіміне өзінің сын-ескертпелерін айтып, нақты тапсырмаларды жүктеді.
Ерғали Қартайған.