«Біз қабылдаған шешімдер азаматтарымыздың өмірін жақсартуға әсер етуі тиіс»
Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшыларымен Несвиж қаласында (Беларусь) Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында өңірлік ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Отырысқа Одаққа қатысушы елдердің: Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Армения үкіметтерінің, сондай-ақ бақылаушы-мемлекет Өзбекстан және шақырылған мемлекет Әзірбайжанның басшылығы қатысты.
Басқосуда көлік инфрақұрылымы, өнеркәсіптік кооперация, АӨК, кедендік және техникалық реттеу, бәсекелестік, цифрландыру салаларын дамыту және басқа да өзекті мәселелер талқыланды.
Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы Одақ туралы шартқа қол қойылған күнге 10 жыл толуын мерекелеу кезеңінде өтіп жатыр. Олжас Бектенов Одақ жұмысының екінші онжылдығына қадам баса отырып, одан әрі дамудың нақты мақсаттарын құру және оларды іске асыру үшін тиісті тетіктерді жолға қою қажет екенін атап өтті.
Қазақстан Үкіметінің басшысы отырысқа қатысушылардың назарын жұмыстың бірқатар басым бағыттарына аударды.
Жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдану қажеттілігі атап өтілді. AI қолдану бойынша тәжірибе алмасу экономикалық прогресс пен инновацияларды енгізудің қозғаушы күші бола алады. Бүгінгі таңда әлемде жаһандық трансформация медицинада, білім беруде, креативті индустрияларда жүзеге асырылуда. Қазақстан мемлекеттік және қаржылық қызметтерді цифрландыруда оң серпінге ие. Мысалы, өткен жылдың қорытындысы бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 88%-ды құрады.
Олжас Бектенов жұмыстың маңызды бағыты ретінде тасымалдардың тиімділігін арттыруды атап өтті. Теміржол құрамдарын өңдеу уақытын қысқарту, «Қытай – Орталық Азия», «Қытай – Еуропа» бағыттары бойынша тасымалданатын жүктерге транзиттік декларацияны автоматты түрде тіркеу және беру арқылы теміржол транзитін автоматтандыру жөніндегі қазақстандық пилоттық жобаның оң нәтижелері атап өтілді. Қазақстан жинақталған тәжірибемен бөлісуге және еуразиялық көлік дәліздерінде сенімді логистикалық хаб ретінде әрекет етуге дайын. Жаңа мүмкіндіктерді енгізу көліктік және экономикалық байланысты жақсартады, бизнес шығындарын азайтады және елдер халқының ұтқырлығын арттыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ бұл мәселеде өткізу пункттерін жаңғыртудың маңыздылығы атап өтілді.
ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.