Басқарма басшысы спорт нысандарын аралады
Елімізде тәуелсіздікке қол жеткізген уақыттан бері бұқаралық спортты дамыту жолында қыруар жұмыстар атқарылды. Ел тұтқасын ұстаған аға буын өкілдері де спортқа зор көңіл бөліп, бұл саланы әрдайым мемлекеттік маңызы бар басым бағыттар санатына қосып келеді. Оның үстіне, бүгінде қандай да бір елді дүниежүзіне жақсы жағынан танытуда ғылым мен білімнен, заманауи технология мен өндірістен бөлек, спорттың да алар орны ерекше болып отырғанын айта кеткен жөн. Әлем елдерінде жаһанды жалт қаратар жаңалықтан гөрі мемлекеттің атын спорттағы жетістіктер арқылы мәшһүр ету ұтқыр тәсілге айналғалы қашан. Бұл бағыттағы жұмыстар облысымызда, оның ішінде ауданымызда да өте қарқынды түрде жүзеге асып келеді.
Ауданымыздағы спорт саласының дамуын, спорт нысандарының қалыпты жұмысы мен бұқаралық спорттың дамуына қатысты мәселелерді көзбен көру мақсатында өңірімізге облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов келіп, Шу қаласы мен ауылдық округтердегі спорт нысандарын аралады. Аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков пен басқарма басшысы ең алдымен қаладағы «Тарлан» кешеніне арнайы барды. 2016 жылдың қазан айында бой көтерген спорттық нысан облыстағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған алғашқы спорт кешені екенін айта кеткен жөн. Аталмыш нысанның тұрғызылуына тікелей ұйытқы болған осы ауданның тумасы, Кеңес Одағына еңбегі сіңген жаттықтырушы Юрий Цхай. Жобалық құны 480 миллион теңгені құраған нысанның құрылысы 2015 жылы басталып, араға бір жыл салып Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына орай пайдалануға берілді. Ғимарат спорттық-сауықтыру блогы жəне жатақханадан тұрады. Кешеннің ауласынан жасанды жамылғылы футбол алаңшасы мен гимнастикалық алаңдар да орын алған. Өткен жылы аталған спорт кешенін еліміздің бокс федерациясы, аудандағы №37 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің теңгеріміне өткізіп берді. Басқарма басшысы кешенді толық аралап, өзінің оң бағасын берді.
Бұдан әрі Ернар Таласбекұлы Шу қаласындағы «Локомотив», «Қайрат» стадиондарын көріп, жасыл алаңдардың қазіргі хәл-ахуалын көзбен көрді. Сондай-ақ Балуан Шолақ ауылдық округінде бой көтеріп жатқан спорт кешенінің құрылысымен де танысты. Мұндағы жұмыстар ағымдағы жылдың шілде айында толық аяқталады деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, басқарма басшысы Бірлік ауылындағы «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен соғылған спорт алаңшасын, Д.Қонаев ауылында жаңадан пайдалануға берілген зәулім спорт кешенін және Белбасар ауылындағы спорт кешенін аралап, жергілікті жаттықтырушылармен, ата-аналармен кездесіп, салаға қатысты түйткілді мәселелерді талқылады.
Ерғали Қартайған.