Медицина нысандарын салу бойынша тапсырмалардың орындалу қарқыны тексерілді
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру мәселесі Үкіметте Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен отырыста қаралды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдағы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және сапасын жақсарту бойынша қойған міндеттерінің орындалуы туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндады. Өңірлердегі жағдай бойынша бірқатар облыс әкімі есеп берді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 99 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысаны салынды. Биылға 556 медициналық және фельдшерлік пункттер, сондай-ақ дәрігерлік амбулаториялар салу көзделген. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары 322 нысанда басталып, 3 нысанда аяқталды, деп хабарлады Ақмарал Әлназарова. Бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, мемлекеттік сараптама қорытындысының негізінде жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеп, байланыстыруды толық аяқтады. Жалпы, Ұлттық жобада іске асырудың барлық кезеңінде 655 МСАК нысанының құрылысы қарастырылған. Сондай-ақ 32 орталық аудандық аурухананы жаңғырту көзделуде. Қазіргі уақытта 10 нысанда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, 2 медициналық мекемеге күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. 2023-2024 жылдар кезеңінде 152 денсаулық сақтау объектісінде 656 медицина қызметкері жұмысқа орналастырылды. Бұл ретте Ұлттық жоба шеңберінде кадрларға жалпы қажеттілік 1 100 медицина қызметкерін құрады.
Үкімет отырысы барысында Қарағанды, Жетісу және Алматы облыстары әкімдерінің баяндамалары тыңдалды. Кестеден артта қалу және ауылдық аумақтарда МСАК объектілерін салу бойынша жұмысты күшейту, жандандыру қажеттігі атап өтілді. Мәселен, жыл соңына дейін денсаулық сақтау ұйымдарының ең көп саны Қарағанды облысында салынуы тиіс. Бұл ретте іске асыруға жоспарланған 78 нысанның тек үштен бірінде ғана жұмыс басталған. Жетісу облысында объектілердің тек 75 пайызы бойынша құрылыс-монтаждау жұмысына шарт жасалды.
ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.