Түйеқұсты табыс көзіне айналдырған
Қазіргі таңда елімізде кәсіпкерліктің сан саласы дамып, тың тіршіліктер пайда болғаны белгілі. Алысқа бармай-ақ Шу ауданының өзінде аталмыш салада серпілістер болып жатқанын байқаймыз. Тәуекелді талап ететін жұмысқа жерлестеріміздің көпшілігі қызу кіріскені бізді қуантады.
Сондай соны істердің бірі қорада төрт түліктен бөлек түйеқұс өсіру болып отыр. Оны ауданымызда алғашқы болып қолға алған Бахадүр Масаитов атты төлебилік тұрғын. Ол туралы кезінде баспасөздерде жазылып, телеарналарда таспаланған болатын. Осы шаруаны жалғастыруға ниет танытып, жеке қызығушылығын кәсіпке ұластырған шулық азаматтың бірі – Насими Мамедгасанов.
Бүгінде экзотикалық құс өсірумен шұғылданып жүрген Шу қаласының тұрғыны ауласында үй құстарынан бөлек 3 түйеқұс тірлік кешуде. Түйеқұстардың африкалық, аустриялық эмо және оңтүстік америкалық түрі болатынын атап өткен жөн. Біздің кейіпкер қанатты желаяқтардың 3 тұқымын бағып, олардың балапандарын да өсіріп отыр. Әу баста жеке қызығушылықтан туған құлшынысты кейін кәсіпке жалғастырып, бір жағынан өңірдің туризм саласын дамытып жүрген Насими Алмазұлы құстарды күтіп-баптауға бар ынтасын арнаған жан.
-Ерекше құстарды өсіру бала күнгі арманым болатын. Арманды іске асыру мақсатында біраз ізденіп, түйеқұс өсіруге көңіл бөліп отырмын. Әрқайсысының тұқымын арнайы сатып алдым. Біреуін өз аймағымыздан, қалғандарын Алматы және Түркістан облысынан алдырдым. Қазіргі күйлері жаман емес. Балапандары да өсіп келеді,-дейді экзотикалық құстардың иелері Н.Мамедгасанов.
Иә, бұрындары тек зообақ пен теледидардан көретін тегеурінді түйеқұстар Шу өңірінде көптеп өсіп келеді. Бұл шаруашылықпен шұғылданушы шулықтардың қатары артуда. Бойы 2,5-3 метрге дейін, тірі салмағы 160 келіге дейін жететін түйеқұс жергілікті жерге үйреніскені көп үміт сыйлайды. Түйеқұс шаруашылығы табысты болған жағдайда ауданымызда құс фермаларының саны артатыны анық.
Қазірдің өзінде Б.Масаитов, Н.Мамедгасанов және ҚР Журналистер одағының мүшесі, ҚР Қоғам қайраткері Жұмахан Чекаев басқаратын “Балық FEST SHU” қоғамдық бірлестігінің базасында 10 шақты түйеқұс пен тауыс құсы бар.
Байжан Емберді.