Ақпараттық портал

Екі сала ел ырысын еселейді

Кәсіпкерлік пен өнеркәсіп ел экономикасының ең маңызды салалары. Онсыз дамудың даңғыл жолына түсіп, қос қолға күрек таппай жүрген азаматтарды жұмыспен қамту мүмкін емес. Сондықтан болар Мемлекет басшысы осы саланы ұдайы назарында ұстап, жауапты тұлғаларға нақты тапсырма жүктеп келеді.
Тоғыз жолдың торабында, болат жолдың бойында орналасқан Шу ауданы әмәндә аталмыш саланың өркендеуіне қолайлы өлке саналған. Оны кәсіптен нәсіп тауып, өнеркәсіптің өрлеуіне үлес қосып жүрген ағайын жақсы біледі. Оларға жергілікті билік тарапынан тиісті көңіл бөлініп, қажетті жағдайлар жасалуда.

Шу ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Жеңіс Нұрғалиев жуырда ғана аудандық ақпараттық-медиа орталық алаңында болып, атқарылған жұмыстарды жіпке тізіп, арнайы ақпараттармен бөліскен болатын. Көзіқарақты оқырман қауымға саладағы тыныс-тіршіліктерді басылым арқылы жеткізуді жөн деп тауып отырмыз.
Жеңіс Сейсенәліұлының айтуынша қазіргі таңда Шу ауданында бірнеше өндіріс орындары тұрақты жұмыс істеуде. Көш басында Бірлік ауылында орын тепкен мақсары майын өндіру зауыты тұр. “Қаз-Ир Агро” ЖШС күніне 9,6 тонна май өндіріп, 60-тан астам азаматты жұмыспен қамтып келеді. Одан кейін Алға ауылдық округіндегі күн қуатын жинайтын станциясын атап өтпеске болмайды. Сағатына 100мВт электр қуатын өндіретін кәсіпорын ауданнан бөлек аймақтың да сәні саналады. Сонымен қатар Тасөткел су қоймасындағы гидроэлектростанция сағатына 9,6мВт электр қуатын өндіріп, өз ісін өрге домалатып келеді.
Ел экономикасының күре тамыры темір жол екені белгілі. Тіпті, ауданымызды теміржолшылар ту тіккен өңір деп атасақ артықтық етпейді. Сондықтан біздегі Темір жол жылжымалы құрамына қызмет көрсету зауыты әлеуметтің әлеуетін арттыра түспек. Мұнда 300-ден астам адам еңбек етіп жүр. Шу ауданындағы Шатыркөл кенішін бүгінде білмейтін адам кемде-кем. Жұмысы жолға қойылып, ісі алға басқан “Қазақмыс Корпорациясы” ЖШС-нің «Балқаштүстімет» өндірістік бірлестігі ” таяуда ғана мыс кенін өндіру және байыту фабрикасын іске қосқан болатын.
«Jibek joly» арнайы экономикалық аймағында орналасқан “Хим Плюс” ЖШС-нің гербицид өндіру зауыты да 35 адамды жұмыспен қамтыған алып өндіріс ошағы. Мұнда шаруалардың жұмысын жеңілдететін, арам шөптерді қурататын өнімдер өндіріледі. Бүгінде қарқын алған кәсіпорын өз өнімдерін еліміздің аймақтары мен жергілікті дихандарға саудалап жүр.
Бөлім басшысының айтуынша өңірде экспортқа арналған жобалар жоқ емес. Жоғарыда атап өткен «Kaz-Ir Agro» ЖШС сөзіміздің дәлелі. Аталған кәсіпорын 2006 жылы құрылған, жұмыстың негізгі бағыты – мақсары өсіру және мақсары майын өндіру.
Компания соңғы жылдары өнімдерін сыртқа шығару бойынша табыстарға қол жеткізген. Мәселен 2021 жылы 801 тонна мақсары майы Қытай еліне экспортқа шығарылды. Сондай-ақ 2022 жылы 1300 тонна өнімі және 425 тонна мақсары тортасы Қытай еліне жол тартты. 2023 жылы Қытай, Өзбекстан, Германия елдеріне 360 тонна май өнімдері экспортталған.
-Біздің бөліммен, ауданның инвестициялық ахуалын арттыру, өнеркәсіп саласын дамыту және инвесторларға сүйемелдеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі инвестициялық штаб құру туралы аудан әкімдігінің қаулысының негізінде, ұзын-саны 15 инвестормен кездесулер өткізілді.
Оның ішінде, түрлі салаларды қамтитын жобалар қаралды, мысалы: Электровоз құрастыру зауыты («Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС, жоба құны 2,0 млрд. тг. жұмыс орындары – 60), Кассалық чек өнімдерін өндіру цехы («C9 Technologies» ЖШС, жоба құны 59,4 млн.тг. 23 жұмыс орындары.); Полипропиленді тоқылған қаптарды шығару цехы («Бірлік құрылыс-жөндеу» ЖШС, жоба құны 83,0 млн.тг. Жұмыс орындары – 39); Косметология саласында қолдану мақсатында ұлу өсіру жобасыда қаралған болатын («Lumacheria Italiana» компаниясы, жоба құны 2,0 млрд.тг. жұмыс орындары 50); Балық шаруашылығы. («Qazaquaaliance (Каз Аква Альянс)» ЖШС) – Жоба құны – 500 млн.тг. Жаңа жұмыс орындары – 17; Сутегі асқын тотығын (пероксид водорода) өндіру жобасы. («Kazakhstan Hydrogen Peroxide» ЖШС). Жоба құны – 2,0 млрд.тг. Жұмыс орындары – 40; Астық желатин өндірісі, тері өңдеу және сабын өндіру жобасы. («Taraz Gelatin» ЖШС). Жоба құны 7,0 млрд.тг. Жаңа жұмыс орындары – 150; Кремний өндіру зауыты. («JVictorNewEnergy» ЖШС) Жоба құны 36,4 млрд.тг. Жұмыс орындары – 100. Осыған сәйкес, өзге де инвесторлармен кездесулер өткізілді,-дейді бөлім басшысы Ж.Нұрғалиев.
Оның айтуынша аталған жобалар жүзеге асырылған жағдайда, 1200-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады. Ал ауданға тартылған инвестиция көлемі 70,0 млрд. теңгені құрайды.
-Қазірдің өзінде, Шу қаласында «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС,өз зауытының негізгі корпусының құрылыс жұмыстарын жүргізуде. 2025 жылға таман жоба іске асады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар «C9 techonlogies» ЖШС – кассалық чек өнімдерін өндіру цехы мен «Бірлік құрылыс-жөндеу» ЖШС полипропиленді тоқылған қаптарын шығару цехы іске асырылып, жұмыс істеуде.
«Taraz Gelatin» ЖШС – астық желатин өндірісі, тері өңдеу және сабын өндіру жобасы «Jibek Joly» АЭА қатысушыларының тізіміне енгізіліп, тиісті құжаттарын рәсімдеу сатысында.
«Qazaquaaliance (Каз Аква Альянс)» ЖШС – балық өсіруге арналған ұңғымалар (пруд) дайындалып, арнайы құралдар орнату бағытында жұмыстар жүргізуде,-дейді Жеңіс Сейсенәліұлы өзінің сөзінде.
Жүзеге асырылып жатқан жобалар мен ашылған кәсіпорындар жайы сөз болғанда көптің көкейінде заңды сауал туындайтыны анық. Ол жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтыла ма деген сұрақ. Бұл жайында да бөлім басшысы бұқарамен тиісті ақпаратпен бөлісті.
-Бүгінгі күнге, Бірлікүстем ауылдық округі аумағында ағымдағы жылдың шілде айында іске қосылуы жоспарланған «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-нің Шатыркөл-Жайсан кластерінде жаңа байыту фабрикасына ауданнан 42 қызметкерді орналастыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Яғни, компания тарапынан берілген қажетті қызметкерлер тізбегіне сәйкес, аудан тұрғындарына хабарлама беріліп, ниет білдірген азаматтар бойынша ақпарат, Шу ауданы бойынша мансаптық орталығының филиалына жолданды. Әрі қарай, үміткерлердің тізімі жинақталып, компания басшылығына ұсынылатын болады.
Осыған сәйкес, өзге де кәсіпорындардың іске асырылу кезеңінде, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту бойынша келіссөздер жүргізілуде,-дейді ол баспасөз мәслихатында.
Жоғарыда атап өткендей мемлекет тарапынан кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсету шаралары ұдайы жүргізіліп келеді. Мәселен, 2024 жылдың жартыжылдығының қорытындысына сәйкес, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 9 672 бірлікті құрап, өткен жылдың тиісті жылымен салыстырғанда 1.5 пайызға артқан. Сондай-ақ өнірдегі «кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде қаржыландырылған жобалар саны 42-ге жетіп, қаржы көлемі 840,1 млн. теңгені құраған. Оның ішінде: пайыздық ставканы субсидиялау құралы арқылы жобалар саны 34, яғни несие сомасы 633,6 млн. банк несиелері бойынша кепілдік беру құралы арқылы 6 жобаның кепілдік сомасы 64,6 млн. , өндірістік инфрақұрылымды дамыту құралы аясында қаржыландырылған қос жобаның инфрақұрылым сомасы 87,6 млн. теңгені құрайды.
Салаға жауапты басшы аудан көлеміндегі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шаралары туралы да тоқталып өтуді ұмыт қалдырмады. Оның сөзінше ҚР ауыл шаруашылығы министрлігімен негізгі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 19 түріне шекті баға бекітілген. Шу қаласы және 18 ауылдық округтердегі орналасқан азық-түлік сауда дүкендерімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) қосылатын сауда үстемесін 15 пайыздан асырмау бойынша 135 сауда нүктелерімен меморандумға қол қойылған және осы бағытта аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің қызметкерлерімен тұрақты түсіндірме жұмыстары жүргізіліп тұрады.
Осы мәліметтерден соң ол сауда үстемесін асырғандығы үшін кәсіпкерлерге жалпы қандай жауапкершілік қарастырылғанын түсіндіріп өтті.
-Биыл азық-түлік тауарларының қымбаттығы туралы аудан тұрғындарынан 5 арыз тіркелген. Тіркелген арыздарды тексеру барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына қосылатын сауда үстемесін 15 пайыздан асырғандығы үшін, Жамбыл облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментімен Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 204-4 бабына сәйкес, Шу қаласындағы «Нұрсұлтан» сауда үйі иесіне ескерту беріліп, Төле би ауылында орналасқан «Адия» супермаркеті иесіне айыппұл салынды,-дейді кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Ж.Нұрғалиев.
Баспасөз мәслихаты соңында спикер халықтың көңілін жиі алаңдататын нан бағасы жайлы мағлұматты тілге тиек етті.
Оның айтуынша “Ас атасының” бағасы тұрақты бақылауда. Бағаны тұрақтандыру мақсатында, ауданда орналасқан 2 наубайханаға Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасынан жеңілдетілген бағада 1-ші сұрыпты әлеуметтік ұн бөлініп тұратын көрінеді.
-2024 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін ЖК В.Курбановтың «Валиш» наубайханасына 200 тонна 1-ші сұрыпты әлеуметтік ұн және ЖК Г. Амированың «Рамазан» наубайханасына 45 тонна әлеуметтік ұн бөлініп, кәсіпкерлерге жеткізілді.
Ал, шілде айында ЖК В.Курбановтың «Валиш» наубайханасына 40 тонна және ЖК Г.Амированың «Рамазан» наубайханасына 15 тонна 1-ші сұрыпты әлеуметтік ұн бөліну туралы аталған басқармаға сұраныс хат жазылып, тапсырыс берілді.
«Валиш» наубайханасы Шу қаласы, Төле би ауылы, Д. Қонаев, Қорағаты, Жаңа жол, Ескі-шу және Бірлікүстем ауылдық округтерінде орналасқан 104 азық-түлік дүкендеріне жалпы 3000-ға жуық әлеуметтік нан жеткізіп отырады.
«Рамазан» наубайханасы Шу қаласындағы 5 азық-түлік дүкендеріне және 15 мектеп пен 4 балабақшаларға жеткізіп отырады,-деп сөзін түйіндеді Жеңіс Сейсенәліұлы.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.