Жүйелі жұмыс жоқ емес
Халыққа қызмет көрсетіп келе жатқан түрлі мекемелердің ішінде мәдени ошақтар да маңызды рөльге ие. Мұнда да мекеменің жауапты қызметкерлері өздеріне жүктелген міндеттерді жүйелі жүзеге асырып, халықпен байланысты жұмыстарды өз деңгейінде орындауға барынша күш салады.
Аудандық мәдениет үйі және оған қарасты мәдени ошақтар бойынша үйірмелер балалар мен жасөспірімдер тәрбиесіне зор ықпал ететін орда. Бүгінгі таңда аудан бойынша 75 үйірме болса, оған қамтылған адам саны 1149-ды құрайды.
Аудандық мәдениет үйіндегі 9 үйірмеге 190 адам қамтылса, қалалық мәдениет үйіндегі 8 үйірмеге 125 адам қамтылған. Ауылдық мәдениет үйлеріндегі 40 үйірмеде 594, ауылдық клубтардағы 18 үйірмеге 240 адам қамтылды. Оның ішінде балалар үйірмесі 63, қатысушы саны 955. Аудандық мәдениет үйіндегі 6 үйірмеге 115 бала, қалалық мәдениет үйіндегі 5 үйірмеге 75 бала, ауылдық мәдениет үйлеріндегі 34 үйірмеге 525 бала, ауылдық клубтардағы 18 үйірмеге 240 бала қамтылған.
Ағымдағы жылдың алғашқы жарты жылдығында аудандық мәдениет үйі және оған қарасты мәдени ошақтардың жанынан құрылған көркемөнерпаздар үйірмесі 80 іс-шара өткізіп, оған 5500 бала қамтылды. Жекелей атап өтер болсақ, 28 ақпанда жастар мен жасөспірімдер үйірмелерінің қатысушылары арасында «Тәуелсіз елдің ұрпақтары» атты аудандық патриоттық ән байқауы аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде өткізілді. Байқауға ауылдық округтерден барлығы 31 үміткер қатысып, бақтарын сынады. Байқауға кәсіби мамандардан құралған қазылар алқасы төрелік етіп, өзара жеңімпаздарды анықтады.
12-қаңтар күні Қонаев ауылдық мәдениет үйінде ҚР қоғам қайраткері Д.А.Қонаевтың туылғанына 112 жыл толуына орай «Қонаевқа арнау» атты көркемсөз оқуларынан мәнерлеп оқу ұйымдастырылып, Б.Исаеваның «Димаш аға» атты өлең жолдарын Сағындық Ерасыл оқыды.
19-ақпан күні КСРО Халық әртісі Ш.Аймановтың туғанына 110 жыл толуына орай, Ш.Аймановтың өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында үйірме қатысушыларына белгілі тұлғаның өмірбаяны таныстырылып, фильмдерінен үзінділер көрсетілді. Халықаралық әйелдер күні мерекесіне арналған «Ананың алақаны» атты мерекелік сазды бағдарлама ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен, жастар мен жасөспірімдер үйірмелері қатысушылары арасында «Тәуелсіз елдің ұрпақтары» атты аудандық патриоттық ән орындаушылар байқауы өтті. Нәтижесінде жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар марапатталды. 4-наурыз күні Балалар-жасөспірімдер орталығы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткізілген «Ақ шағала» атты аудандық би байқауында «Аруым» би тобы жүлделі 1-ші орын иеленді.
29-ақпан күні Көкқайнар ауылдық мәдениет үйінде аталмыш мекеме қызметкерлерінің ұйымдастыруымен, «Өнерлі өрендерге жол ашқан» атты әуесқой үйірмешілердің қатысуымен ауылдық ән байқауы өткізіліп, оған 7 -10 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысты. Байқау жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды. 23-қаңтар күні қалалық мәдениет үйінде “Шу қаған” халық театры Шараф Башбековтың «Шойын қатын» атты қалжыңсыз комедиясын сахналады. (Қоюшы режиссер Тұрлыбекова Күннұр Тлекқызы). Жас жұбайлардың хикаясы, олардың бір біріне деген адал махаббаты туралы қойылымды тамашалауға келген көпшілік оның жоғары деңгейде өткенін айтып, театр әртістеріне өз ризашылықтарын білдіріп, керемет әсерлі күймен тарқасты. Алғыс айту күні мерекесіне орай, вокал үйірмесі жетекшілерінің ұйымдастыруымен, «Алғысым шексіз» атты мерекелік кеш өтіп, қалалық мәдениет үйі өнерпаздарының сазды бағдарламасы ұсынылды. Сонымен қатар 6-наурыз күні Халықаралық әйелдер күніне орай, «Ана деп ән салам» атты мерекелік кеш өтіп, ол «Эстрадалық вокал» және «Жас талант» вокал үйірмелері қатысушыларының «Ана» атты хорымен ашылды. 16-наурыз күні ұлттық рухымызды жаңғырту мақсатында «Салт дәстүрім – қазынам» атты қазақтың салт-дәстүрінен «Шу қаған» халық театрының әртістері «Беташар» рәсімін сахналады. 9-ақпан күні Алға ауылдық клубында ақиық ақын – М.Мақатаевтың туған күніне орай, ұлы тұлғаның ақындық талантын оқушы жүрегіне ұялату, олардың өнерге деген сүйіспеншілігін қалыптастыру мақсатында “Жыр жүйрігі – Мұқағали Мақатаев” атты поэзия байқауы ұйымдастырылды. Шара барысында ақынның өлеңдері оқылып, «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан үзінді қойылым ұсынылып, ақынның сөзіне жазылған әсем әндер орындалды. 27-ақпан күні С.Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толуына орай, өскелең ұрпақтың ақын жырларын жаттауға, оқуға деген құштарлығын ояту мақсатында «Сәкеннің өнегелі жолы» атты ақынға арналған еске алу кеші өтті. Мұнда оқушылар С.Сейфуллин шығармаларынан өлеңдер оқып, ансамбльдің орындауында «Көне тараз» күйі орындалды. Ал, 6-ақпан күні Көктөбе ауылдық мәдениет үйінде «Жырлайды жүрек» атты сазды бағдарлама ұйымдастырылып, көркемсөз үйірмесінің қатысушылары поэмадан үзінді, өлеңдер оқып, вокал үйірмесінің қатысушылары әнмен әрлеп, би үйірмесінің қатысушылары әсем билерін орындады. 27-ақпан күні Ж.Жабаевтың туғанына 177 жыл толуына орай, көркемсөз үйірмесінің ұйымдастыруымен, «Жамбыл оқулары» атты мәнерлеп оқу өткізілді. Бірқатар оқушылар Ж.Жабаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқыды және есімі аталған тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. 4-наурыз күні Балалар-жасөспірімдер орталығының ұйымдастыруымен өткен аудандық «Ақ шағала» атты хореографиялық би байқауында ұлттық, заманауи би үйірмелерінің қатысушылары – «Еркем-ай» би тобы екінші орынды иеленді.
Ал, Халықаралық әйелдер күніне арналған «Ана күннің шуағы» атты сазды бағдарламада би және вокал үйірмелеріне қатысушылар ән, бимен көмкеріп, драма үйірмесінің қатысушылары «Анамның иісі» көрінісін сахналады. 19-қаңтарда аудандық мәдениет үйіне қарасты Бірлікүстем ауылдық мәдениет үйінде қазақтың әйгілі кескіндемешісі, суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі – Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл толуына орай, суретке бейім мектеп оқушылары арасында “Жас суретші” атты байқау ұйымдастырылып, оның барысында кітапханашы С.Сатканова қатысушыларды Ә.Қастеевтің өмірбаяны және шығармашылығымен таныстырды. Байқаудың жеңімпаздары анықталып, барлық қатысушыларға ауыл демеушілері атынан ынталандыру сыйлықтары берілді. 8-ақпан күні қазақтың ақиық ақыны – М.Мақатаевтың туған күніне орай, “Қазақтың лирик ақыны – Мұқағали” атты ауылдағы үйірме қатысушыларымен танымдық кеш өтіп, шара барысында мәдени ұйымдастырушы Д.Абдульманова ақын шығармашылығы, өмірбаяны мен өлеңдері туралы ақпарат берді. Ал, Г.Сербаеваның жетекшілігіндегі «Көркемсөз» үйірмесінің қатысушылары ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып берді. 29-ақпан күні композитор, этнограф, музыкант, музыка және қоғам қайраткері, Қазақ КСРО халық әртісі Александр Затаевичтің туғанына 155 жыл толуына орай, «А.В.Затаевич – қазақ ұлттық музыкасының майталманы» атты ауылдық үйірме қатысушыларына танымдық кеш ұйымдастырылып, аталған тұлғаның өмірбаяны мен еңбектері туралы «Вокал» үйірмесінің жетекшісі Ә.Ниязбеков баяндама оқып, көрерменге ақпарат берді.
16-қаңтар күні Шоқпар ауылдық клубында Ә.Қастеевтің туғанына120 жыл толуына орай, «Сыр шертеді қылқалам» байқауы үйірме қатысушыларының қатысуымен өтті. Мақсат – оқушыларды шығармашылық әрекетке тарту, дарынды балаларды анықтау және қолдау, олардың танымдық қызығушылықтарын арттыру, ой- өрістерін дамыту. Байқауға О.Жандосов және М.Дулатұлы атындағы мектептердің оқушылары қатысты. Әділқазы алқасының шешімімен жеңімпаздар анықталып, марапатталды. Өзге қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары табыс етілді. 8-наурыз күні ауылдық мәдениет үйінде Халықаралық әйелдер күніне арналған “Сыйынар ем ана деген тәңірге ” атты сазды бағдарлама өтті. Ауыл әкімі Р.Шоңбаев, ауданның «Құрметті азаматы», ардагар ұстаз Т.Шаймерденов, аналар алқасының төрайымы Ш.Джаманбалаева аналар қауымын мерекемен құттықтады. Мұнда да «Ұлттық» және «Заманауи» би үйірмесінің және “Вокал” үйірмесінің қатысушылары өз өнерлерін ұсынды. Ауылдық мәдениет үйі және О.Жандосов атындағы орта мектептің демеушілігімен аналар қауымына әсем гүлдер тарту етіліп, “Дархан” шаруа қожалығының басшысы Ү.Найманова ақ жаулық жапты. Бағдарлама “Анаға сәлем” әнімен аяқталып, ақ жаулықты аналар ұйымдастырушыларға зор алғыстарын білдірді. Ұлыстың ұлы күні мейрамына орай, “Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні ” атты мерекелік концерт өтті. “Ұлттық би” және «Вокал» үйірмесіне қатысушылар ән мен биден шашу шашты. “Бесікке салу”, “Тұсау кесер”, “Қыз ұзату”, “Бет ашар” сынды салт- дәстүріміз дәріптеліп, көріністер қойылды. Арқан тартыс, қол күресі, қазақ күресі сынды өзге де ұлттық ойындар ойнатылып, қаржылай сыйлықтар мен бағалы сыйлықтар таратылды. Қонақтарымыз өз алғыстарын жаудырып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты. Атқарылған осындай іс-шаралардың өтуінде үйірме жұмысына жауапты маман Маржан Көпбосынованың зор үлесін атап өткен жөн. Тағы бір айта кететін жайт, өткен жылдан бері қолға алынған әр үйірменің есеп беру шығармашылық концертін ұйымдастыру 2023 жылы жыл ішінде бір рет ұйымдастырылған болса, биыл бұл екінші рет өткізілуде. Мұның барлығы зор еңбек, шығармашылық ізденіс арқылы лайықты іске асатыны анық. Сондықтан, үйірме жұмысы үлкен өнердің бастауы екендігін, бұл жолда талмай тер төгіп жүргендердің қоғам тәрбиесіне де қосар үлесі зор екендігін ескеріп, еңбектеріне шығармашылық табыстар тілейміз.
Динара Батырхаирова.