Өмірімді теміржолға арнадым
Теміржол – экономиканың күретамыры, оның әр өңірдің дамуына қосар үлесі де қомақты. Өйткені, онсыз жүк тасымалданбайды, кең көлемді жүк көздеген жерге жеткізілмейді. Сондықтан, бұл саланың қоғамда орны ерекше. Еліміз егемендігін алғаннан кейінгі жылдарда да бұл сала өз дамуын тоқтатқан жоқ. Керісінше, 1100 шақырымнан астам теміржолдар мен жаңа зауыттар салынып, жүк тасымалы вагондарының саны артты.
Өзге де жерлестерім секілді мен де өзімді
теміржол саласының дамуына үлес қосқан азаматпын деп айта аламын. Өйткені, мен осы салаға жарты ғасырдай ғұмырымды арнадым. Қазір Құрметті теміржолшылар қатарындамын. Сондықтан бұл саланың ыстығы да, суығы да маған аян.
Еңбек жолым 1968 жылы Шу вагон депосында темірұста қызметінен басталды. Сол уақыттан теміржол саласында жылдар бойы абыройлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шықтым. Бүгінде жерлестерім маған «Теміржол тарланы» деген атау берген. Себебі көпшілік менің теміржолдың темірдей тәртібіне бас иіп, тоғыз жолдың торабы атанып кеткен Шу теміржолының мәртебесін, дәрежесін көтеру мақсатында талмай еңбек етіп, теміржол саласының ең төменгі жұмысынан, ең жоғарғы лауазымына дейін көтеріліп, алға қойған мақсатыма жеткенімді біледі.
Еңбек жолымды тізбектер болсам, Шу вагон депосының техникалық қызмет ету пунктінің темірұстасы, қараушы-автоматшы, аға вагон қараушы, техникалық қызмет ету пунктінің шебері, қызмет ету пункті бастығының қызметін атқардым. Ал, 1985 жылы Шу вагон депосының бастығы болып тағайындалдым. Бұл қызметті 1989 жылға дейін атқарып, теміржол су шаруашылығы мекемесінің (ВОДЧ-12) бастығы лауазымын иелендім. 1997 жылы Шу сумен жабдықтау дистанциясының тізгінін алдым. Осылайша, 48 жыл теміржол көлігі саласында еңбек етіп, зейнетке шыққаннан кейін Жамбыл бөлімшесінің ардагерлер ұйымы, Шу торабы теміржолшылары ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайландым.
Теміржол саласының қазіргі жұмысын өзім еңбек еткен жылдармен салыстыра отырып, жер мен көктей айырмашылықты байқаймын. Заманауи жабдықтар, қолдан гөрі ми қабілетіне жүгінетін жұмыс басымырақ. Себебі, сала жан-жақты даму үстінде.
Тарих тереңіне бойласақ, өткен жылы жалпы ел аумағындағы темір жол саласының бір тармағы саналатын «Шу-Мойынты» теміржолына 70 жыл толса, үстіміздегі жылы Қазақстанда теміржол көлігінің негізі қаланғанына 120 жыл толуда. Бір қарағанда, жәй ғана сандық көрсеткіш секілді болып көрінгенімен, мұның астарында мыңдаған адамның еселі еңбек жолы жатыр. Осыншама жылдар бойы сала жұмысының тоқырауға ұшырмай, керісінше заманауи тұрғыдан дами түсуі сала еңбеккерлерінің маңдай терінің жемісті әрі нәтижелі көрінісі болса керек.
Жалпы, теміржолшының әр күні қай кезеңде де үлкен жауапкершілікпен және қауіп-қатермен байланысты. Себебі, кез келген техникада күшпен қатар қауіп те жүреді. Сондықтан, теміржол саласы қызметкерлерінің қоғамдық маңызы зор әрі жауапты қызметтегі біліктіліктерін, көлік саласына қосқан сүбелі үлестерін әркез жоғары бағалаймыз. Соның ішінде шулық теміржолшылар да жалпы теміржол саласының өркендеуіне, сол арқылы ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық ахуалының артуына еңбек сіңіріп, күш-жігерін жұмсап келеді. Осыған орай, барша жерлес теміржолшыларды, теміржол саласының ардагерлерін алдағы жексенбіде аталып өтетін төл мерекелерімен шын жүректен құттықтай отырып, мықты денсаулық пен еңбекте сәттілік, толайым табыстар тілеймін.
Тұрсынбай ХАЛЫҚ,
Шу стансасы торабы теміржолшылар ардагерлері алқасының төрағасы,
ҚР Құрметті теміржолшысы.