Ақпараттық портал

Шойын жолдың шоқтығы биік

Еліміздің экономикасын өрге сүйрейтін саланың бірі – теміржол десек, қателеспейміз. Егер қандай да бір өңірдің тұрмыс-тіршілік ахуалы жақсарса, сол салаға теміржол қызметінің көп көмегі тигені сөзсіз. Еліміздегі жүк және жолаушы тасымалдау жұмыстарын жүзеге асыратын теміржол қызметі ел экономикасының «қара нары» іспеттес деуге болады. Жылдың кез келген маусымында еш кідіріссіз, үнемі қозғалыста болып, әр күн, әр сағат, әр минутта түрлі техникалық қауіп-қатерге толы жұмыстың қиындығын сырт қараған адамдар біле бермейді. Халық сұранысын орындап жүрген теміржолшылар еңбегі орасан зор деуге болады.

Біздің теміржол саласы сөзден істі құп көретін, жауапкершілікті өте қадірлейтін, өз ісіне өзі қырағы болумен қатар әскери тәртіптің ережесімен жұмыс істейтін құрылым. Бұл туралы талай айтылып та, жазылып та жатыр. Оны көпшілік жақсы біледі. Теміржолдағы қызметкерлер темірдей тәртіпке бағынып, болат жолдың бойында шыңдалған азаматтар. Теміржол саласына тер төгіп, еңбегінің жемісін көріп отырған ардагерлер, яғни менің алғашқы тәжірибелік ұстаздарым Қасенов Рақыш Қауменұлы, Мамырханов Тоқтағұл Айтқазыұлы, Молдабаев Отан ағаларым теміржол саласына тері сіңген айтулы азаматтар. Жүз жылға жуық тарихы бар Шу теміржолының құрылысы мен оның іске асуындағы бұрынғы аталар еңбегінің өлшемі жоқ. Қазір 99 жасқа келіп отырған Тоқсанбаев Әшірәлі ағамыздың «Мен пойыз жолдың бойында дүниеге келіп, пойызда өмір сүріп, пойызда еңбек еткеніме мақтанамын» деуі өз өміріне білдірген адал еңбегінің өтеуі деп білемін.
Өзінің алғырлығының арқасында қысқа мерзімді тәжірибеден өтіп, алғашқы паровоздың от жағушысы болып жұмысын бастаған, сол кезде жалындаған 30 жаста болған атам Қылышбек Сексенбаев 1941 жылы Шу локомотив депосынан 10 паровоздан құрылған колонна құрамында Саратов арқылы Ленинград майданына оқ-дәрі, азық-түлік тасымалымен айналысқан. 1946 жылы соғыстың аяқталған тұсында еткен еңбектері үшін Шу құрамынан құрылған бригада «Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Әрине, бұл жерде сол қиын-қыстау кезеңдегі аталар еңбегі ерлікпен пара-пар десе болады. Тәулігіне 16-17 сағат жұмыс істеп, уақытпен санаспай, Отан үшін жанқиярлықпен еңбек еткен аталар ерлігіне қандай марапат берсе де жарасады.
1951 жылы Шу депосына ТЭ-1 сериялы 5 тепловоз, ТЭ-5 сериялы 2 тепловоз беріледі. Бұл тепловоздардың жұмыс істеу қарқыны күшті болғандықтан «Шу-Мойынты» теміржолы мерзімінен бұрын 1953 жылы 27 қазанда іске қосылады. Атам Қылышбек бертінде зейнетке шыққан кездері ауыл үйдің түрлі қуаныштарында, әсіресе «тұсаукесер» рәсімінде «балапаным, балғыным, өмірің пойыз жолдай ұзақ болсын» деп бата қайырғанына талай рет куәсі болған едік. «Ата осы пойыз жолдың ұзындығы қанша жерге жетеді?» деген балалық қызығушылықпен қойған сұрақтарымызға «Ой балаларым-ай, Совет өкіметінің құдіреті керемет қой… Шудан шыққан теміржол Ресейді екі айналып, Мәскеуден ары Германияға жетеді» дегені санамызға сіңіп қалыпты. Теміржолда жұмыс істесем деген ниет сол бала кезімде қалыптасқан болуы керек. «Машинист» сөзі алдыма қойған мақсатыма жетелеп, осы мамандықтың жемісін татып, құрметті зейнеткерлікке шықтым.
Бізге жеткен тарихи оқиғалар туралы мағлұматта Мәскеудегі кеңесте Орта Азия арқылы Сібірге баратын «Түркістан-Сібір» теміржол құрылысының салынуын жоспарлағанда алғашқы нұсқа «Луговой-Бішкек-Алматы» схемасы айтылады. Табан тіреп қарсылық білдірген зұлмат заманның сұмдық саясатының білгірі, сол кездегі (Совнарком) Халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов атамыздың сұңғыла саясатының арқасында Бішкек арқылы жол салу құрылысында таулы-қыратты алқаптардың көп кедергі болатынын, жоспарланған жұмыс өз уақтысынан кешігетінін, құрылысқа көп қиындық, шығын әкелетінін айтып, Шу жерінің жайдақ жерлері арқылы басты мақсат Сібірге қарай бұрылғанының дұрыстығын нақты, тиімді дәлелдермен айғақтағаннан кейін «Луговой-Шу-Мойынты-Сарышаған-Қарағанды» бағытына шешім қабылданған. Болашақ халқының қамын ілгеріден ойлап, қыр халқының заман ағымының ығына қарай ынтымақтасып, шоғырланып өмір кешуін келешек ұрпақтың болашағына жасаған ерлік ісінің өлшемін ешқандай теңеумен теңестіруге келмейтін ғажап іс деп білуге болады. Шу қаласының теміржол алаңындағы тарихымыздағы біртуар тұлға Тұрар Рысқұловқа орнатылған ескерткіш тарихи оқиғаның тұмар белгісі деп есептеуге болады. Өте орынды орнатылған. Қазақ халқына жанқиярлықпен еңбек еткен аталар еңбегіне мың алғыс.
Тып-тыныш мүлгіген даланы дүбірге бөлеген пойыздың құдіретіне тамсанып, «қонысымызды пойыз жолдың бойына қарай жылжытқанымыз абзал, тіршіліктің қайнар көзі осы теміржолдың бойында болады» деп қыр қазақтары Шу жеріне қарай ығысып, шоғырлана қоныстанып тіршіліктерін бастаған. Содан болар, қазір қалаға айналған мекеннен аудандағы ауыл жұртшылығының тұрақтары 40-50 шақырымнан аспайды. Шу бекетінің жұмысы «Шу локомотив депосы» атанып, 1928 жылы басталған. Тарихи деректерде депоның бірінші басшысы Кузнецов Николай Федорвич есімді қазақ тілін судай білетін, білімді азамат болған. Қазір сол сайын даладағы Шу бекеті 50 мыңнан астам халқы бар үлкен шаһарға айналып отыр. Шу локомотив депосында қазіргі таңда 1286 адам еңбек етуде, 400-ден астам еңбек ардагерлері құрметті демалыста.
Заман ағымына қарай кезінде «Қарайғыр» атанған көмір қуатымен жүретін паровоздар қазір тарихи ескерткіштерге айналып, кейінгі ұрпақтың жадында сақталуда. Теміржол қуатының әлеуеті қоғамымыздың экономикасына өлшеусіз үлес қосып отырған үлкен құрылым. Осы саладан шыққан еңбек озаттарының есімдерін аудан, қала жұрты жақсы біледі. Сондықтан, барша теміржол саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, зор денсаулық, баянды бақыт тілеймін!
Сексенбаев Қылышбек атам айтқандай, барша қазақ еліне пойыз жолдың ұзақтығындай ғұмыр тілеймін!

Милис Бейсембаев,
Шу қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы,
«Құрметті теміржолшы».

Leave A Reply

Your email address will not be published.