Елордадан жеткен марапат
Газетіміздің үстіміздегі жылы жарық көрген бірнеше сандарында теміржол саласының ардагерлері, олардың ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі, еңбек қазанындағы өнегелі өмір жолы жайлы мақалалар жиі жарияланғанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі деген сенімдеміз. Өйткені, биыл елімізде теміржол көлігінің негізі қаланғанына 120 жыл толып отыр. Осындай мерейлі белесте “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ ардагерлерінің орталық кеңесі де осы салада ұзақ жыл еселі еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан аға буын өкілдерін құрметке бөлеп келеді.
Жуырда сондай жоғарғы марапатқа ие болған жерлестеріміздің бірі – Ақшалов Еділ Бекмұратұлы.
Ол 1948 жылы Шу қаласында дүниеге келген. Шу локомотив пайдалану депосына 1966 жылдың наурыз айында жұмысқа қабылданады. 1967 жылы үш айлық тепловоз машинисінің көмекшісі мамандығы бойынша курс тәмамдап, тепловоз машинисі болып еңбек жолын жалғастырады. Еңбек ете жүріп, 1969 жылы Қазалы қаласынан алты айлық машинист курсын оқиды.
Кейіпкеріміз еңбек еткен жылдарында өз жұмысын адал атқарып, ұжымдастары арасында биік беделге ие болады. Бұған Еділ Бекмұратұлының әр жылдарда “За трудовой отличие”, “Қазақстан темір жолына 50 жыл”, тағы басқа мерейлі медальдармен марапатталуы айқын дәлел.
Бес баланы тәрбиелеп өсірген Е.Ақшалов 2009 жылдан бері құрметті зейнеткер қатарында. Жалпы, теміржол саласында қырық бес жылға жуық еңбек өтілі бар. Бүгінде оның ұлдары әке жолын жалғап, осы салада тер төгіп жүр. Нақты айтқанда, үш бірдей ұлы локомотив пайдалану депосында машинист.
Ал, келесі кейіпкеріміз Кесікбаев Тілеулес Баялыұлы 1942 жылы Көктерек ауданының Бірлік ауылында дүниеге келген. 1942 жылы әкесі Ұлы Отан соғысына аттанған кезде ағасы екеуін анасы бағып-қағады. Алайда, көп ұзамай, әкесі майдан даласында қаза тапса, Тілеулес Баялыұлы бірінші сыныпты оқып жүрген кезінде анасынан айырылып қалады. Ата-анадан ерте қалғанымен, Т.Кесікбаев колхозда орта мектепті тәмамдап, кейін училище (УМСХ-62) бітіріп, қой шаруашылығында тракторист, кейін Мойынқұм қой совхозында көлік жүргізуші болып жұмыс жасайды. Ал, 1990-91 жылдардағы тоқырау кезеңінде Шу қаласындағы локомотив пайдалану депосына слесарь болып, жұмысқа орналасады.
Сол уақыттан теміржол саласында өзіне жүктелген міндеттерді абыройлы атқарып, 2007 жылдың ақпан айында зейнеткерлікке шығады.
Осындай еңбек жолынан өткен ардагер теміржолшылар кезекті марапаттау рәсімінде Шу локомотив пайдалану депосына арнайы шақыртылып, депоның басшылық өкілдері мен өзге де әріптестерінің алдында құрметке бөленді. Нақты айтар болсақ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Орталық ардагер теміржолшылар кеңесі Қазақстандағы теміржол көлігінің құрылуының 120 жылдығына орай, теміржол саласының қалыптасуы мен дамуына қосқан зор үлесі үшін алғысы мен ризашылығын білдіріп, Алғыс хат ұсынған болатын.
Астана қаласынан арнайы жеткізілген марапатты қос кейіпкерімізге депо ұжымы алдында Шу стансасы торабы теміржолшылар ардагерлері алқасының төрағасы Тұрсынбай Халық Нұрғалиұлы табыстап, иықтарына шапан жауып, ізгі тілегін жеткізді. Ақ тілекке болат жол бойындағы еңбеккерлер де қосылып, бірқатар азамат жылы лебіздерін білдірді.
Елімізде тамыз айының алғашқы жексенбісінде Көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтетіні белгілі. Аталмыш мереке қарсаңында есімдері аталған теміржол саласының ардагерлеріне денсаулық пен берекелі ғұмыр тілейміз.
Динара Батырхаирова.