Жат әдеттің жауы – спорт
Жаһан жұртының есін кетіріп отырған кесапаттың бірі – нашақорлық. Қоғамға сынадай кірген бұл дерт талайларды түзу жолдан тайдырып, тіпті табытқа дейін тыққан. Ең өкініштісі, кейбір адамдар осы жолды саналы түрде таңдап, бір мәрте көрем деген қызығушылықтың шырмауығына ілінеді. Сондай жандардың кесірінен арам ниеттілер сауда жасап, есірткі бизнесінен байлыққа кенеліп жүр.
Жауыры шыққан сөз болса да, біз спорт – денсаулық кепілі мен салауатты қоғам негізі екенін айтудан шаршамаймыз. Мұны әрбір шараға тақырып ететін мемлекеттік мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдар да ұдайы айтудан талмайды.
Жуырда Шу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша Төле би ауылында «Нашақорлық – қоғам дерті» атты волейболдан турнир өткізген болатын. Доп додасын Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырғанын атап өткен жөн.
Олардың айтуынша, аталмыш турнирдің басты мақсаты – жастарды ғасыр дертінен сақтандыру, спортқа серік ету, салауатты өмір салтын қалыптастыру. Шараның ашылуында ардагер спортшы Амантай Омаров пен аудандық мәслихат депутаты Ғани Қойбағаров сөз алып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Мұнан кейін төрешінің ысқырығы естіліп, тартысқа толы турнир басталып кетті. Алаңға «Тоғай» және «Батыс» мөлтек аудандарының жастары, М.Мақатаев атындағы білім ошағы мен Жастар ресурстық орталығы қызметкерлері, Ақтөбе және Бірлікүстем ауылының командалары шығып, өзара мықтыны анықтауға тырысып бақты.
Сайдың тасындай іріктеліп, сайыс соңында үш үздік команда анықталды. Мәселен, «Тоғай» командасы топ бастап бірінші орынға ие болса, «Батыс» мөлтек ауданының командасы күміс жүлдеге қол жеткізді. Сонымен қатар Бірлікүстем жастары үздік үштікті түйіндеді. Әдеттегідей, жарыс мәресінде жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен және кубоктармен марапатталды.
Байжан Емберді.