Ақпараттық портал

ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ – ЕЛ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУДЫҢ НЕГІЗІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы еліміздің алдағы даму бағдары мен стратегиялық міндеттерін айқындап берді. Президент көтерген бастамалардың ішінде инфрақұрылымды дамыту, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және өңірлердің әлеуетін арттыру мәселелері ерекше маңызға ие. Себебі мемлекеттің өркендеуі ең алдымен азаматтардың күнделікті өміріне қажетті жағдай жасаудан басталады.
Бүгінде елді мекендердің дамуы, жолдардың сапасы, ауызсумен және электр энергиясымен қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі – халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін негізгі факторлар. Осы ретте Мемлекет басшысының келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау жөніндегі ұсынысы уақыт талабынан туындаған маңызды шешім деп есептеймін. Бұл бастама өңірлердегі өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге, жаңа нысандар салуға және қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртуға тың серпін береді.
Әсіресе, ауылдық жерлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілгені қуантады. Ауыл тұрғындары да қала халқы секілді сапалы медициналық қызметке, заманауи білім беру мекемелеріне, спорт және мәдениет нысандарына қол жеткізуі тиіс. Президент атап өткендей, алдағы уақытта мектептер, ауруханалар, спорт кешендері, мәдениет ошақтары мен ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтарын салу көзделіп отыр. Бұл – қоғамның барлық мүшесіне тең мүмкіндік қалыптастыруға бағытталған ізгі бастама.
Сонымен қатар ауқымды құрылыс жұмыстары экономиканың дамуына да оң ықпал етеді. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы, құрылыс саласының жандануы, отандық кәсіпкерлерді қолдау және тұрақты жұмыс орындарын құру – осы бастамалардың маңызды нәтижесі болмақ. Әсіресе жергілікті кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік жобаларға белсенді қатысуы өңір экономикасының нығаюына мүмкіндік береді. Мұның өзі халықтың табысын арттырып, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына жол ашады.
Меніңше, Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыруда жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі ерекше. Әрбір жобаның қажеттілігі жан-жақты зерделеніп, бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуына және құрылыс сапасына қатаң бақылау жүргізілуі қажет. Өйткені халық үшін ең маңыздысы – қағаз жүзіндегі жоспар емес, күнделікті өмірде сезілетін нақты нәтиже.
Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының Жолдауы – ел дамуының жаңа кезеңіне арналған нақты бағдар. Онда көтерілген бастамаларды іске асыру баршамыздан бірлік пен жауапкершілікті, адал еңбек пен белсенділікті талап етеді. Біз әрбір игі бастаманың жүзеге асуына үлес қосып, туған жеріміздің көркеюіне атсалысуымыз керек. Себебі қуатты мемлекет құру – тек мемлекеттік органдардың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Серік ОҢЛАНЬЕКОВ,
аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс
бөлімінің басшысы.

Жауап қалдыру

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.