Жеті қырлы, бір сырлы тұлға
Биыл «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында қазақ прозасына өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат әкелген көрнекті қазақ жазушысы, балалар әдебиетінің классигі, 2024 жылы 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетін Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын оқу ұсынылды.
Бердібек Соқпақбаев 1924 жылы 15 қазанда Алматы облысының Нарынқол ауданындағы «Қостөбе» ауылында туған. 1991 жылы Алматы қаласында қайтыс болған. Ол білімді де көрнекті жазушыларымыздың бірі. Оқу, тоқу, ерінбей-жалықпай еңбек ету қасиеттері бойындағы табиғат ана сыйлаған таланттың көзін ашып, қанатын қатайтып, биіктен биікке еркін самғауына көмекші құралдар ретінде қызмет атқарса керек.
Б.Соқпақбаев талапты, ерте бүр жарған қаламгер. Ол сонау елуінші жылдарда, яғни мұнан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтында оқып жүрген кезінде-ақ газет-журнал беттерінде өлеңдері жарық көре бастаған жас талант болатын. Шоқтығы биік қаламгер балалар мен жасөспірімдерге арналған 20-дан астам әңгіме, повесть, роман жазды. Солардың ішінде «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» атты туындылары қаламгерді даңққа бөлеп, өшпес атын қалдырды. Оқырманға бұлардан басқа тағы «Он алты жасар чемпион», «Бақыт жолы», «Дала жұлдызы», «Аяжан», «Гауһар» секілді поэзиялық және прозалық жинақтар ұсынған.
Б.Соқпақбаев «Менің атым Қожа» повесінің арқасында танымал болды. Бұл туынды «Детская литература» баспасында шығып, содан кейін орыс тілінен көптеген тілдерге аударылып, Франция, Польша, Чехословакия, Болгария секілді шетелдерде жарияланды. Тек содан кейін ғана бұл шығарма өз отанына оралып, байырғы қазақ тілді оқырмандардың жүрегінен ойып орын алды.
1960 жылы жарық көрген «Балалық шаққа саяхат» повесі қазақ балалар әдебиетінің асыл мұрасына айналды. 1930-шы жылдардағы кішкентай кейіпкердің тағдыры арқылы өтетін повесть сол уақыттағы оқиғаларды және қазақ халқының қиын өмірін еш боямасыз көрсетеді.
Сондай-ақ, жазушы «Өлгендер қайтып келмейді» романында өмір жолында алдынан шыққан барлық қиындықтарды еңсерген табанды, батыл жас жігіттің өмірін және мінезінің қалыптасуын шығармаға өзек етеді. Романның әрбір бетінде сол уақытқа тән өмір ұшқындары кездеседі.
Бердібек Соқпақбаевтың барлық туындыларында оның шығармашылығының қайнар көзі халық өмірінен бастау алғаны сезіледі. Жазушының бейнелеу қабілеті өте бай. Ол өз кейіпкерлерінің портретін шебер суреттеп, әрқайсысын өзіне тән тілде сөйлетеді. Кейіпкердің ішкі күйзелісі мен ой-пікірлері жазушының басты көркемдік әдісі болып табылады.
Сонымен қатар, Көктөбе ауылдық кітапханасында «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында балалар әдебиетінің бәйтерегі Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай, жазушының өмірі мен шығармаларын оқырмандарға дәріптеу мақсатында «Балалар әдебиетінің шоқ жұлдызы» атты оқырман конференциясы өткізілді. Іс-шара барысында кітапханашы қазақ балалар әдебиетінің классигі, сүбелі еңбектер жазған жазушының өмірбаяны мен шоқтығы биік шығармаларын, азаматтық өнегесі туралы және қазақ кино өнерінің алтын қорына енген “Менің атым Қожа” шығармасын таныстырды.
Н.Рахимбаева,
Көктөбе ауылдық кітапхананың кітапханашысы.