Теміржол тарланы марапатталды
Темір жол саласының жұмысы аса маңызды әрі жауапты жұмыс екені баршаға мәлім. Әсіресе, пойыз машинистері мен жолшылардың жұмысы қателікті кешірмейтін, асқан қырағылық пен төзімділікті талап ететін жұмыс. Сол себептен, мұнда бойына осы қасиеттер дарыған, өз ісіне тиянақты жандар еңбек етсе керек. Солардың бірі – Шынболатов Найманқұл Жапарқұлұлы.
Бұл азамат 1958 жылы ауданымыздың Көктөбе ауылында дүниеге келіп, осы өңірде орта білім алған. Алғашқы еңбек жолын 1989 жылы темір жол саласындағы «ПЧ-50» мекемесінде жол монтёрі болып бастайды. 2002 жылдан осы салада қарауыл болып еңбек етті. 2006 жылы ПЧМ мекемесі құрылғаннан кейін, машинистің көмекшісі, жол машинасының машинисі болып жұмыс жасап, 2021 жылы осы ортадан зейнеткерлікке шығады.
Жұмыс барысында әрдайым өзін жақсы қырынан танытып, әр іске деген жауапкершілігімен, өз ісінің шебері болумен дараланды. Сонымен қатар, білім-біліктілік тәжірибесін жас буын өкілдерімен бөлісіп, жұмыстың қыр-сырын үйретіп, ұжым арасында да абыройлы азамат бола білді.
Найманқұл Жапарқұлұлының темір жол саласындағы жалпы еңбек өтілі 38 жылға жуық уақытты құрайды. Осыншама жылғы ерен еңбегін ескерген Шу стансасы торабы теміржолшылар ардагерлері алқасының төрағасы Тұрсынбай Халық Нұрғалиұлы ардагер теміржолшыны жоғарғы билік өкілдерінің марапатына ұсынады. Ұсыныс қабылданып, жуырда Астана қаласынан арнайы жеткізілген марапатты Тұрсынбай Нұрғалиұлы Пернебек Уткелбаев басшылық жасап отырған ПЧМ мекемесі ұжымының алдында иесіне салтанатты түрде табыстап, ізгі тілегін жеткізді. Нақты айтқанда, Н.Шынболатовты «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ орталық ардагерлер кеңесі тарапынан берілген Алғыс хатпен марапаттап, иығына шапан жапты.
Мұнан кейін, ардагер теміржолшы әрі марапат иесінің құрметіне дәмге толы дастархан жайылып, барша әріптестері жылы лебіздерін білдірді.
Айта кетерлігі , осы жарқын сәт Халықаралық қарттар күні қарсаңында аға буын өкілі үшін көңіл қуантарлық іс болғандай. Өз кезегінде Найманқұл Жапарқұлұлы да құрмет көрсеткен барша қауымға алғысын жаудырып, еңбектеріне жеміс тіледі.
Динара Батырхаирова.