Ақпараттық портал

Ауылдың ажарына айналған «Асыл әжелер»

Елді мекендердің мәдени ошақпен қамтылуы ұлттық өнер мен ұрпақтың кемелдене түсуіне мүмкіндік береді. Оны біз жыл бұрын Абай және Қонаев ауылдарында ашылған Мәдениет үйлерінің бүгінгі аяқ алысына қарап аңғарамыз. Соның ішінде Өндіріс ауылдық округіндегі мәдени ошақтың тыныс-тіршілігіне тоқталғанды жөн санап отырмыз.

Бүгінгі таңда Ерлан Сәулебаев басқаратын Абай ауылдық Мәдениет үйі 2023 жылдың 18 тамызында салтанатты түрде ашылды. Ауыл тұрғындары асыға күткен 100 орындық нысан бүгінде ақын атымен аталатын ауылдың ажарын айшықтап тұр. Ауылдағы 13 азаматты жұмыспен қамтыған мекеме ашылған уақыттан бері айтарлықтай жұмыстар атқарған. Онымен қоса аядай жерде оқырманға қызмет көрсететін кітапхана да жаңа ғимаратқа жайғасқан.
Мәдениет үйінің меңгерушісінің айтуынша, қазіргі уақытта мұнда 5 үйірме жұмыс істейді. Оның ішінде Мадина Наурыз 40-қа жуық оқушыны ұлттық және заманауи биге баулып жүрсе, аталмыш саланың ардагері Лариса Омарова 15 оқушыны көркем сөз оқуға үйретіп жүр. Одан бөлек, Ерлан Байғалықұлы 15 оқушы мен 8 әжеге ән айтудан жетекшілік етіп жүр.
Біздің де назарымызды өзіне аудартқан “Асыл әжелер” тобы болатын. Әу бастан ой қазанда пісіп жетілген идея, Мәдениет үйі ашылғанда жүзеге асқан.
– Мемлекет ұсынған мүмкіндік пен жағдайға жауап ретінде біз жемісті жұмыс атқаруымыз керек. Сондықтан көпшілік көкейінде жүрген бастама “Асыл әжелер” тобын құруды нысан ашылғанда іске асырдық. Ауылдағы әжелерге қолқа салып, зейнеттегі 8 кісіні іріктеп алдық. Сөйтіп, Нұрлан Жаңабаев деген азаматпен бірлесіп, біріміз сырнаймен, біріміз ұлттық аспабымыз – домбырамен әжелерді сүйемелдедік. Осы орайда ауылдағы атпал азаматтар, белсенді жастар, жанашыр жерлестердің 400 мың теңгеге киім тіктіріп бергенін айта кеткен жөн. Ауылдастарға деген алғысымыз шексіз,-дейді Е.Сәулебаев.
Одан бөлек, басшы әжелердің алды 70-тен асса, ең жасы 60-ты алқымдаған. Бір шоғыры ардагер ұстаздар болса, қалғаны әр саладан құралған. Әжелердің үлкені әрі аналар алқасының төрайымы, ардагер ұстаз Мейраш Жаңылова мен білім саласының ардагері Тәрбие Кенжеалиева. Ең жасы Баян Садықова. Тәжікүл Күлімбетова бұрынғы кітапханашы болса, Лариса Омарова мәдениет саласынан зейнетке шыққан. Сонымен қатар Зағира Тұратбекова, Назифа Орахатова, Райхан Бердиева, Гүлжар және Балғын Телеубаевалар әнші әжелердің сапында.
Қазірдің өзінде әжелер қос әншінің қолдауымен аудандық және ауылдық іс-шараларда ән салып, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленіп үлгерген. Біздің пайымша, мұндай топ өңір бойынша біреу. Ұрпағына ұлағат көрсетіп жүрген жандардың қатары қалың болуына біз әрдайым тілектеспіз. Себебі естігенді емес, көргенді істейтін жас буын өкшелеп келеді. Олардың жадында қазақтың әжелерінің аяулы бейнесі дәл осындай қалыппен жатталуы қажет.
Бүгінгі таңда «Асыл әжелердің» репертуарында 3 халық әні бар. Кестелі камзол мен келісті кимешек киген әжелер ауылдың алты ауызын салғанымен, кәсіби тұрғыда дайындық жасамағанын ескерсек бұл жаман емес. Топ жетекшісі ән қоржынды тағы 2 әнмен кеңейтіп, келешекте үлкен сахналарда өнер көрсетуді жоспарлап отыр.
Тағы бір айта кетерлігі, биыл аудандық Мәдениет үйі аталмыш мәдени ошаққа су жаңа музыкалық құрылғы мен дыбыс күшейткішті тарту еткен. Бұл да өз кезегінде жұмысты анағұрлым жеңілдетіп, ауылдың жаңа жұлдыздарын жарқыратуға сеп болмақ.
Толыққанды іске жыл басында кіріскен Мәдениет үйінің жеткен жетістіктері де аз емес. Ауылдың белсендісі Назкен Нұрбек “Жаңа есім” байқауында бақ сынап, аудандық іріктеуден сертификат еншілеген. Сондай-ақ облыстық байқауға қатысып, Алғыс хат алған. “Тәуелсіз елдің ұрпақтары” патриоттық ән байқауына Ақтөре Серікұлы мен Інжу Мұратқызы қатысып, бірінші және екінші орынды иемденген.
Биыл ақын, сықақшы, тіл жанашыры Шона Смаханұлының 100 жылдығы екені белгілі. Сатириктің мерейтойына орай өткен “Сатира – өмір айнасы” атты аудандық байқауда Абай ауылдық Мәдениет үйі жеңіс тұғырынан көрінген. Ұлты ұйғыр, ұғымы қазақ ауыл тұрғыны Наркиза Максутова “Тіл-ұлтаралық қатынас құралы” байқауында белсенділігі үшін марапат алған.
Шу аудандық Мәдениет үйінің мұрындық болуымен өткен “Көңілім әнді ұғады” атты Абай күніне арналған байқауда Назкен Нұрбек мәнерлеп оқудан бірінші орынның бәйгесін қанжығасына байлаған.
“Тілім менің тірлігімнің айғағы” атты жасөспірімдер арасында аудандық көркем сөз оқу байқауында да абайлық Баян Тәжімұрат екінші орынды иеленсе, “Үздік жүргізуші -2024” аудандық байқауында үздік үштікті түйіндеген.
Жазушы Ғабит Мүсірепов айтқандай, “Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде – ұлт та ұлы болмайды”. Өзгертуге хақымыз болмаса да біз осы тұсқа мәдениетті де қосқымыз келеді. Ол үшін осындай мәдени ошақтар қоғам алдындағы рөлін жете түсінгені абзал.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.