Қариялар құрметіне арналған шара
Қазан айының алғашқы күні Халықаралық қарттар күні мерекесі ауданымыздың түрлі мекемелерінде атап өтіліп жатты. Солардың бірі – Шу теміржол кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен, Шу қаласында өткен шара.
Мерекелік шараны Шу қаласының әкімі Елдос Нұралиев ашып, ел экономикасының күре тамыры – теміржол саласында темірдей тәртіппен аянбай еңбек еткен ардагерлерге ізгі тілегін жеткізді. Ардагер теміржолшылар – 87 жастағы Тоқтағұл Мамырханов, Зұлқайнар Байқуанышев сала мамандарына баталарын беріп, алғыстарын айтты.
-Шу теміржол саласында еңбек етіп демалысқа шыққан 434 зейнеткер бар. Бүгін солардың ішінен қариялық жасқа жетіп, пайғамбар жасы 63-тен асқан 80 ардагерге құрмет көрсетіліп отыр. Құдай қолдаса, келесі мереке қарсаңына қарай нақтыланған іс-шараларымыз жоспарда тұр. Мына зымыран заманда қарттыққа жетудің өзі бір мерей. Алдыңғы толқын ардагер ағаларымызды мерекесімен құттықтап, құрмет көрсету біздің бұлжымас парызымыз,-деп ізгі ниетін білдірген Шу локомотив пайдалану депосының директоры Медет Әбікен бірқатар азаматтарға Құрмет грамоталарын табыстады.
Ал, теміржол кәсіподақ ұйымының төрағасы Қуат Молдабаев:
-Біздің салада ешкім ескерусіз қалмайды. Жанұялық жағдайы төмен 77 отбасы мүшелерінің оқушы балаларына жаңа оқу жылының қарсаңында оқу құрал-жабдықтары берілді. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Өйткені, еліміздің ең қуатты саласы теміржол саласы екенін әр саналы азамат біледі десек, артық айтқандық емес. Кез келген мерекелік іс-шараларда ұйымшылдық көрсетіп, қолдап жүретін ардагерлерге айтар алғысымыз зор,-дей келе 25 ардагерге қаржылай, заттай сыйлықтар ұсынды.
Мұнан соң осы шараға арнайы шақырылған ақын Ғабит Есдәулетов ардагерлерге арнауын орындап берді. Сондай-ақ, аудан өнерпаздарының сазды бағдарламасын тамашалаған көпшілік ұйымдастыру комитетіне алғыстарын білдіріп, ризашылықпен тарқасты.
Мелис Бейсембаев,
Шу қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.