Ақпараттық портал

Тазалық – баршаға ортақ іс

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнаған кезекті Жолдауында ел өмірінің сан саласына қатысты маңызды мәселелерді тізбектей келіп, экологиялық мәселені де назардан тыс қалдырмады.
Нақты айтар болсақ, экологиялық ахуалды жақсартуды алда тұрған негізгі міндеттің бірі ретінде көрсетіп, қоғамда қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын кеңінен дәріптеуіміз керектігін алға тартты. Бұл тұста «Таза Қазақстан» акциясының атқаратын рөліне ерекше тоқталды.
-Баршаңызға мәлім, елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама.
«Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Себебі, шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет.
Халқымыздың бойында жақсы қасиеттер өте көп. Мысалы, өзге елдер бізді қонақжай, ақкөңіл халық ретінде біледі. Дәл солай тазалық жұртымыздың қанына, жанына сіңген қасиет болуы керек.
«Таза Қазақстанның» аймақтарда сапалы жүзеге асуына әкімдер тікелей жауапты. Олар жұртқа істің мән-маңызын түсіндіріп, жұмысты дұрыс үйлестіруге міндетті,-деген болатын.
Мемлекет басшысының бұл ұстанымы бүгінгі қоғамда аса маңызды рөлге ие және дер кезінде қолға алынған мәселе деп білемін. Өйткені, әр өңірдегі жекелеген тұрғындар арасында тазалық мәселесіне деген немқұрайдылық әлі де бар. Мұның қоршаған ортаға кері әсерін ескерген мұндай азаматтарға заң бойынша тосқауыл қою керектігін де айтып өтті. Осылайша, ұлтымызға тән игі қасиеттер секілді тазалық пен ұқыптылықты жұртымыздың қанына сіңген қасиет ретінде қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
Бұл өте құптарлық бастама және әр аймақтың басшысы ескеретін жайт. Өйткені, облыс, аудан, мейлі ауыл болсын мұның барлығы ұлан-байтақ республикамыздың бір бөлшегі. Сол секілді біздің ауданымыз да Отанымыздың бір бұрышы. Елі мен жерін сүйген, қоршаған ортаға жаны ашитын, әр саналы азамат осы мәселеге баса мән беруі қажет. Тазалық пен тәртіп ауданымыздың абыройы, мұндағы тұрғындардың мәдени өресі екендігін әр тұрғын сезінген жөн деп білемін. «Ауылына қарап, азаматын таны» демекші, сырттан келген қонақтар ауылдың ажары арқылы адамын таниды. Сол себептен, туған өлкеміздің намысы үшін де, өзіміз бен өскелең ұрпақ үшін де тазалыққа немқұрайдылық танытпағанымыз абзал. Бұл әрқайсымыз үшін басты ұстаным болуы шарт.
Асылжан Жапсарбаев,
«Төле би» КМК басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.