Төтеннен келген қауіпке төтеп бере аламыз ба?
Әрбір істің байыбына бара білген бабаларымыз “Қауіп қайдан демеңіз…” деп, бізді сақтыққа шақырған. Бұл лебіз бүгінгі таңда да өзекті болып отыр. Өйткені, төтенше жағдайлар табан астында болатынына куә болып жүрміз. Сол үшін сақтық шараларының алдын алуға бағытталған оқу-жаттығу жиындарының жөні бөлек.
Осы мақсатта өңірімізде ауданның басқару органдарымен, азаматтық қорғау күштерімен өткізілетін кешенді оқу-жаттығу жиындары өтті. Аталған шара Жамбыл облысы әкімінің орынбасары бекіткен “Жамбыл облысының аумағында азаматтық қорғау саласында оқу-жаттығулар мен жаттығулар өткізудің 2024 жылға арналған жоспары” аясында өткізіліп, мерзімі 3 күнге белгіленіп отыр.
Оқу-жаттығу жиындарының алғашқы күні Шу ауданының төтенше жағдай уақытындағы жұмылдырылатын құрылымдардың дайындығы тексерілді. Атап айтқанда, өрт сөндірушілер, апаттық медицина орталығы, денсаулық сақтау ұйымы, байланыс, полиция, орманшылар т.б ұжымдар әзірлік барысын ұсынды. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Руслан Орынбеков бастаған топ аудан әкімінің орынбасары С.Сәрсенбековпен бірге бірқатар мекемелермен танысты.
Бұдан кейін оқу-жаттығу жиынының жоспары бойынша іс-шара Шу өзені жағасында жалғасып, шартты түрде суға батқан адам құтқарылды. Құтқару жұмыстарына сүңгуірлер мен арнайы қайықтар қатысқанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар құтқарушылар қаптарға құм толтырып, өзен жағасын бекітті. Одан кейін Шу қаласындағы “Жетісу” шағын ауданындағы көппәтерлі тұрғын үйде өрт шығып, тілсіз жауды тізгіндеушілердің әбжіл қимылдары тексерілді. Құтқарылғандар “Тарлан” спорт кешеніне жеткізіліп, медицина қызметкерлерімен денсаулықтары тексерілді.
Үш күнге созылған оқу-жаттығу жиынының екінші күнінде науқастанған азаматшаның денсаулық шағымына орай әрекеттер жасалды. Сырқаттанған тұлға Шу қаласының орталық базарынан қозы етін сатып алып, оны үйінде бөлшектеген. Сонан соң дене қызуы көтеріліп, жалпы әлсіздік байқалған. Инфекциялық бөлім тарапынан науқасқа “Сібір жарасы” диагнозы қойылған. Бұл оқиғадан хабар алған құзырлы органдар дереу әрекетке көшіп, қасапшыға, ол мал алған шаруашылыққа, сатушы мен науқастың отбасы мүшелері мен жайларына залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, күдікке ілінген ет арнайы орында жойылды.
Сонымен қатар, тиесілі аумақты жылумен қамтамасыз етіп отырған “Шу Жылу” мекемесінің құбырларының бірінде “ақау” шыққаны анықталып, жауапты ұжым жедел түрде құбырды алмастырғанына куә болдық.
Қазіргі таңда үй құстарынан да келетін қатер бар. Сол себепті оқу-жаттығу жиынының жоспарына сәйкес ауруға шалдыққан үй құстарын анықтау, оның ошағын залалсыздандыру сынды, ауру құстарды жою амалдары қарастырылды. Бұл көрініске санитарлық-эпидемиялық бақылау мен ветеринария қызметі жұмылдырылды.
Машықтыру жиынының мәресі Шу станциясы арқылы өтетін теміржол жолдарында маневрлік жұмыстар жүргізу кезінде қатты дүмпулер салдарынан аммиак цистернасы мен дизель отыны цистернасы түсуімен түйінделді. Герметизациялану нәтижесінде 8 адам зардап шегіп, пайда болған аммиак бұлты жақын маңдағы тұрғындарға зиян беріп, жанар-жағармай цистернасының өрті мен жарылыс қаупі сынды сындарлы сәтте құтқарушылардың қимылы пысықталды.
Жалпы алғанда 8-ге жуық практикалық жұмыстар жүргізіліп, облыс орталығынан келген ТЖД мамандарымен жергілікті мамандарға әдіснамалық, тәжірибелік көмек көрсетілді. Сонымен қатар қауіп туындаған жағдайда шулық эвакуациялық комиссия мен жедел штабтың қабылдаған шараларына баға беріліп, мүмкіндіктері зерделенді.
Ауданда өткен оқу-жаттығудың қорытындысы әкімдіктің, құтқарушылардың және өзге де құзырлы орындар басшыларының қатысуымен болған басқосуда талқыланды. Аталған жиынға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек төрағалық етіп, ОЖЖ негізгі мазмұнына тоқталды. Сондай-ақ жауапты тұлғаларға тапсырмалар беріп, құтқару жұмыстарында қандай қасиеттерге ие болу керектігіне тоқталды.
-Қазан айының 9-11 күндері Шу ауданында оқу-жаттығудың кешенді жұмыстары жүргізілді. Шара барысында “Шу ауданының азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін басқару органдарының, төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның, апаттық-құтқару қызметтерінің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар қаупі төнген және туындаған кездегі іс-әрекеттері” барысы пысықталды. Кешенді оқу-жаттығудың мақсаты – азаматтық қорғаудың мемлекеттік кіші жүйесінің дайындығын арттыру, өзара әрекеттесуді үйлестіру,-дейді оқу-жаттығу штабының және облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Ж.Абдуалиев.
Байжан Емберді.