Кітапханашылар кеші өтті
Биыл Жамбыл облысының құрылғанына 85 жыл толуда. Осыған орай облыс орталығы мен аудандарда түрлі шаралар түндігін түріп, мерейтойды мейлінше атап өтуде.
Солардың бірі – Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы жариялаған «Туы биік, тұғыры берік – Жамбыл» өлкетану оқулары аясында облыстық мемлекеттік кітапханаларда өтетін байқаулық іс-шаралар жоспарына сәйкес өткен “Ауылым – алтын бесігім” атты әдеби-әуенді кеш.
Шу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен өткен шараның ордасы ретінде Көктөбе ауылының мәдениет үйі таңдалды. Оның ішінде бұл шара «Оқитын ұлт» жобасы шеңберінде «Алтын ұям, туған жерім, жер жәннатым» өлкелік жобасы аясында өткізіліп отырғандығын атап өткен жөн.
Кереметтей кешке куә болу үшін Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақпарат саласының үздігі, жазушы, журналист Ерман Әбдиев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Шу ауданының Құрметті азаматы, ақын, ардагер журналист Ахметжан Қосақов қатысты.
Кеш қонақтарын кіреберісте тарихи тұлғалар: ақын-ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, аудармашы А.Құнанбайұлының, қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы Ы.Алтынсариннің, Ұлт ұстазы, публицист, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым А.Байтұрсынұлының, “Достық”, “Құрмет”, “Парасат” ордендерінің иегері, күйші-композитор Ә.Желдібаевтың, балалар жазушысы, драматург Ә.Қалдыбаевтың, сыршыл суреткер жазушы Қ.Қазиевтердің жанды мүсіндері қарсы алғанын айта кеткен жөн.
Сонымен қатар, Шу аудандық мәдениет үйінің “Әсем әуен” фольклорлық ансамблі меймандарға шағын сазды бағдарламаларын ұсынды.
Әуезді кеш кітапханашылардың орындауында «Жыр әнім – Шу» әнімен басталып, оқушылар мен кітапханашылар жергілікті ақындардың жыр шумақтарынан үзінділер оқыды.
Кеш барысында жергілікті композитор С.Әденовтың «Жастығым өтіп барады» әні мен күйші-композитор Ә.Желдібаевтың «Жетісу сазы» күйі мен «Шырайлым» әнін «Әсем әуен» фольклорлық ансамблі орындап, жергілікті жазушы Қарауылбек Қазиевтың «Ақ бантик» шығармасынан үзінді оқылды. Аталмыш кеш аудан кітапханашыларының хорымен түйінделді.
-Жас ұрпаққа туған жеріміз жайлы түсінік бере отырып, өңір тарихымен таныстыру, туған жерге деген сүйіспеншілік сезімдерін ояту, жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған кештің оқырмандарға берері мол. Бүгінгі шарада бар мүмкіндікті паш етіп, мақсатымызды орындағандай болдық,-дейді Шу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Б.Алжанбаева.
Раушан Даберова,
аудандық орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі.