Кітапхана – киелі мекен
Ізгі оймен келіңіз,
Сөз маржанын теріңіз…-
дейді аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры
Бағдагүл Алжанбаева.
-Құрметті Бағдагүл Дәулетқанқызы, бүгінгі күні қазақстандықтар ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын баянды басшылыққа алуда және бұл құжаттағы мерейлі міндеттер мен тиянақты тапсырмаларды жүзеге асыру күн тәртібіндегі басты мәселе. Сіз басқарып отырған кітапханашылар ұжымы өздеріне тиісті міндеттерді қандай дәрежеде орындауда?
-Мемлекет басшысы ұлт мәдениетін одан әрі көтеруге, оның ішінде кітапхана қызметін айрықша жандандыруға баса назар аударды. Осыған байланысты біз де жаңа талаптардың үдесінен шығу үшін өз ісімізге деген іскерлік пен жауапкершілікті нығайта беруге күш салудамыз. Осы орайда өткен істерімізге шолу жасасақ та артық болмас. Мәселен, ауданымыздан шалғай орналасқан елді мекендерде орналасқан он тоғыз кітапханадан «Цифрландырылған ақпараттық орталықтар» ашылып, халыққа және келген оқырмандарға жиырма төрт түрлі қызмет бойынша анықтама берілуде. Атап айтсақ, балабақшаға кезекке тұру, салық берешегі туралы, азаматтың соттылығы туралы, жылжымайтын мүлік туралы, жұмысқа орналасу, жұмыспен қамту туралы тағы басқа да анықтамалар беріледі.
Жалпы, ауданда 25 кітапхана оқырмандарға қызмет көрсетеді. Кітапхана қорында 266 667 дана көркем әдебиет болса, оның ішінде мемлекеттік тілдегісі 147 760 дана. Аудан кітапханалары бойынша ауқымды 1138 түрлі форматтағы іс-шаралар өткізілді.
Сондай-ақ, орталық кітапханада «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы бөлім» жұмыс жасайды. Осы бөлім қызметкерлерінің ұйымдастыруымен, түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Ерлер мен әйелдер арасында шахмат, дойбыдан жарыс өткізіліп, оның жүлдегерлері облыстық байқауларға қатысып, аудан намысын қорғауда. Бұдан басқа, туған жердің атақ-абыройын алысқа таратып жүрген айтулы азаматтармен кездесулер өткізіледі. Мұндай басқосуға мектептердің жоғарғы сынып оқушылары, колледж білімгерлері, кітапхана оқырмандары шақырылады.
«Кітапхана – киелі мекен» дегендей, ізгі оймен, парасатты пайыммен қадам басқан әр оқырманға есігіміз айқара ашық.
Елімізде мемлекетік басқарудың барлық деңгейінде кітапқұмарлардың санын көбейту, тұрғындардың кітапханаға қолжетімділігін арттыру, кітапханашылардың жалақысын көтеру бойынша жүйелі шаралар қабылданған. Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылғы 1-қаңтардан бастап кітапханашылардың айлық жалақысын 20 пайызға арттыру, 2025 жылы 100 пайызға дейін көтеру жөнінде айтылған еді. Бұл дегеніміз, кітапханашыларға мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлық. Мұндай қадам кітапханашылардың жұмысына жаңа серпіліс беретіні сөзсіз.
-Бұл күндері кейбір газеттердің таралымы азайып жатқандығы жөнінде естіп келеміз. Сіздерде оқырман қауымының жағдайы қалай?
-Қазіргі таңда оқырмандар саны жылдан жылға артып келеді. Атап айтқанда, 2023 жылы 28 450 оқырман болса, үстіміздегі жылы 31270 оқырманға жетті. Біз бұл межемен тоқтап қалмаймыз. Ең бастысы, әр кітапханашы келушілердің талап-тілегін мұқият тыңдап, ескереді, кітап беру мен қайтарудың ережесін түсіндіреді. Осылайша, оқырмандармен қоян-қолтық араласып, қызмет еткен сайын оқырмандар саны арта береді деп ойлаймын.
Жыл сайын кітап қорын көркем әдебиетпен толтыруға екі миллион теңгеден аса қаражатқа оқырман сұранысынан түскен әртүрлі тақырыптағы кітаптар сатып алынса, мерзімді баспасөзге жазылу үшін үш миллион теңге қаражат жергілікті бюджеттен бөлінген.
-Егемен еліміз алдағы 24 қазан күні Кітапханашылар күнін атап өтеді. Осы мерекеге қандай тарту-таралғыларыңыз бар?
-Бұрындары өзге мамандық иелері өздерінің кәсіби мерекесін атап өтіп жатқанда біздің кітапханашылар оған қызыға да, қызғана да қарайтын. Осы мәселе жергілікті жерде қызу талқыланды. Ұсынысымыз қабылданып, ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 18-қазандағы №833 қаулысымен 24-қазан – Кітапханашылар күні болып бекітілді. Кәсіби мерекемізді екінші рет атап өткелі отырмыз. Бір атап айтар жайт, аудан кітапханасының құрылғанына 80 жыл толуына орай, аудан кітапханаларында қырық жыл және одан да көп жылдар қалтқысыз қызмет еткен еңбек ардагерлерін, қазіргі зейнеткерлерді арнайы аудандық мәдениет үйіне шақыртып, салтанатты кеш өткіздік. Ардагерлеріміздің әрқайсысына «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі тапсырылды. Ардагерлерді ардақтау алдағы уақытта да жалғаса береді.
Кәсіби мереке қарсаңында ел сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген әріптестеріме үлкен алғыс айта отырып, олардың қатарынан Бекзада Нұртаева, Күлпаршын Лахаева, Света Сатканова, Айгүл Төлегенова, Эльмира Нұртаева, Эльмира Раканова, Күлзия Бердібаева, Раушан Даберова, Ақылжан Дюсебаева, Ұлжан Жанабаева, Н.Шолпанбаевалардың есімдерін ерекше атап өткім келеді.
-Теміржолшылар қаласы атанып кеткен Шу шаһарының қырық мыңнан аса тұрғыны бар. Осы қалада менің білуімше, үш кітапхана ғана оқырмандарға қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта қала тұрғындарын кітапхана қызметімен толық қамтамасыз ету мақсатында қандай жұмыс жоспарларыңыз бар?
-Өте орынды сауал. Бұл мәселе бізді де көптен бері толғандырып жүр. Жасыратыны жоқ, кей жылдары кітапхана ғимараттарын ағымдағы жөндеуден өткізуге де қаражат жетіспей қалады. Әйткенімен, қала оқырмандарының рухани сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында Шу қаласындағы «Қант зауыты» мөлтек ауданынан көпшілікке арналған бір кітапхана, ал қала ішінен жасөспірімдерге арналған бір кітапхана бой көтерсе деген ізгі ниетіміз бар.
-Әсерлі әңгімеңізге рахмет! Өзіңізді және әріптестеріңізді алдағы кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, сыр-сұхбатымызды мынадай өлең шумақтарымен түйіндейін:
Қыз-келіншек кітапхана тірегі,
Әр кітаптың қасиетін біледі.
Бара қалсаң ортасына бас сұғып,
«Келіңіз» деп, жылы жүзбен жүреді.
Қыста барсаң, суық деген қыспайды,
Жазда барсаң, шыбын үні шықпайды.
Кітапхана қай кезде де киелі,
Біліміңді одан әрі ұштайды.
Әр адамды жетелейді ар-намыс,
Болса-дағы армандары тым алыс.
Кітапхана құтты мекен қашан да,
Артық болмас айтсамдағы мың алғыс.
Сұхбаттасқан Ахметжан Қосақов,
ардагер журналист.