Ақпараттық портал

Бас мереке қарсаңында баспаналы болды

Қазіргі таңда халықтың әлеуметтік осал топтары мен тиісті санаттағы азаматтарды баспанамен қамту күн тәртібіндегі мәселе. Оны шешу бойынша өңірімізде ауқымды жұмыстар атқарылды. Мәселен, былтыр тұрғын үй кезегіндегі 60 азаматқа баспана сатып алынды. Одан бөлек, аудан орталығында 15 пәтерлік жатақхана пайдалануға берілді.
“Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын” іске асыру жұмыстары биыл да жүзеге асып, ауданда 100-ден аса тұрғын қоныс тойын тойламақ. Соның 12-і Республика күнінде иелеріне табысталып отыр.

Сан кеудені қуанышқа кернеген қоныс тойға Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Өмірәлиев, Төле би ауылдық округі ақсақалдарының басшысы Мырзахан Оразымбетов, ауданның бас имамы Алмас Кенжемолдаев арнайы қатысып, баспаналы болғандарды қуанышымен құттықтады.
– Азаматтардың тиісті санаттарын баспанамен қамту біздің жұмыстың бір бағыты. Қазірдің өзінде ауданымызда 2 мыңға жуық азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Былтыр 60 үй сатып алынып, кезектегі кісілерге берілді. Биыл да бұл жұмыстар жалғасып, 100 тұрғынды баспанамен қуанту ойымызда бар. Ұлттық мереке қарсаңында 12 адамға пәтер кілтін табыстасақ, жыл соңына дейін қалған 88 үйді тапсыруды жоспарлап отырмыз.
Баспаналы болу бұл зор қуаныш. Баршаңызды осы қуаныштарыңызбен құттықтаймын! Мемлекеттік қолдаудың арқасында мүмкін болған бұл іс баянды болсын! Қатар келген қос мереке құтты болсын,-деді аудан басшысы.
Ізгі тілектер ағынына Ержан Көрікбайұлы да қосылып, соңғы жылы атқарылып жатқан жұмыстарды жоғары бағалады.
Бұдан кейін тұрғын үй кілттерін табыстау рәсімі өтіп, әжелер шашуларын шашты. Қуанышқа кенелген жанның бірі – Индира Анарқұлова.
Жолдасымен бірге бес баланы тәрбиелеп отырған анаға бұл сәт тосын сый болған сыңайлы. Себебі 1 ерекше баласы бар ана 2017 жылдан бері кезекке тұрып, бұл мезетті асыға күткен. Мереке қарсаңында жаңа қоныс иесі атанып отырған ол мемлекетке, жергілікті атқарушы орган өкілдеріне алғысын жаудырып отыр.
Екі басты 6 үйдің құрылысын жүргізіп, ауласын абаттандырған “Қайрат” жеке кәсіпкерлігінің өкілі Нұрсұлтан Советбекұлының айтуынша, әрбір үйдің ауданы 60 шаршы метр. 2-3 бөлмелі үйлер тұруға қолайлы. Ауласында балалар ойнайтын шағын алаң да бар. Жайлы үйлерді салған кәсіпкер 174,3 млн теңгеге 12 үйді сатып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Қос тарапқа да тиімді бұл бастама болашақта да жалғасын табатынына сенім мол.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.