Үміткерлермен кездесу өтті
Шу аудандық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен, Жаңақоғам, Тасөткел ауылдық округтері мен Далақайнар ауылы әкімдерінің сайлауына үміткерлермен кездесу өтті.
Кездесу барысында аудандық сайлау комиссиясының төрағасы А.С.Ошанов «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының талаптарына сәйкес Жаңақоғам, Тасөткел ауылдық округтері мен Далақайнар ауылы әкімдерінің сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарымен таныстырып, осы жоспарға сәйкес кандидаттардың іс-әрекеттерін түсіндірді. Сондай-ақ, үгіт-баспа материалдарын әзірлеу тәртібі, қаржыландыру мәселесі бойынша түсініктеме беріп өтті.
Ал, комиссия төрағасының орынбасары Б.Стыбаев кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстарының тәртібі жайлы толық мәлімдеп, оларға аудандық, учаскелік сайлау комиссияларының өкілеттіктері, міндеттері мен өзара іс-әрекеттері туралы түсіндірді. Сонымен қатар, кандидаттарды дауыс беру тәртібімен, дауыс беру күнгі кандидаттардың сенімді өкілдерінің іс-әрекетімен, құқықтары және міндеттерімен таныстырды. Дауыс беру күнгі байқаушылар мен БАҚ өкілдерінің міндеттері мен құқықтары туралы да жан-жақты айтылды.
Кездесу соңында кандидаттар өздерінің көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, мардымды жауаптар алды.
Комиссия төрағасы А.Ошанов кездесуді қорытындылай келе, кандидаттар мен олардың сенімді өкілдерін сайлау барысында қолданыстағы заң талаптарын толық орындауға, үгіт-насихат жұмыстары тәртібін бұзбауға, сайлауды заңнама тәртібіне сәйкес өткізуге шақырды.
Шу аудандық аумақтық сайлау комиссиясы.