Менің тілім – мемлекеттік тіл
Бейбітшілік пен береке ұялаған елімізде түрі басқа болғанымен, тілегі мен жүрегі бір этнос өкілдері өмір сүретіні белгілі. Олардың ортақ Отанымызда өз мәдениетін, тілі мен дәстүрін, салт-санасын өркендетіп қана қоймай, мемлекеттік тілдің дамуына атсалысып жүргенін атап өткен жөн.
Жалпы, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, аясын кеңейту мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Сол себепті соңғы жылдарда елімізде өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқыту курстары жолға қойылған. Бұл бағыттағы жұмыстар Шу ауданында да бірнеше жылдан бері жүзеге асырылуда.
Аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ә.Жазықбаеваның айтуынша, өңірдегі орыс тілінде білім беретін Абай атындағы орта мектебі мен аралас 7 мектепте, 2 колледжде арнайы курстар оқытылуда. Оған қызығушылық танытып жүрген жерлестеріміз де жетерлік.
Тарқатып айтқанда, тілдерді оқыту орталығындағы оқу курстары 5 деңгей бойынша жүргізіледі. Олар: А1-қарапайым, А2-базалық, В1-орта, В2-ортадан жоғары және С1-жоғары деңгей. Әрбір деңгейге 100 сағат уақыт жұмсалу көзделген. Бір сабақ 1 сағат 20 минутты құраса, тілді үйренушілер 2,5 ай бойы аптасына 5 мәрте ұзын саны 50 сабақ өтеді. Курс басталмас бұрын қатысушылар тілді меңгеру дәрәжелерін білу үшін алдын-ала тест тапсырып, өз деңгейін анықтайды. Сонан соң қарапайымнан жоғарыға дейін сатылап, әрбірінде сертификаттарды иемденеді.
Бізге берілген мәлімет бойынша, жыл басынан 142 адам сертификат алған. Сондай-ақ қазан айынан бергі уақытта 258 тыңдаушы жинақталып, 16 топпен жұмыс жүргізіліп жатыр.
Мемлекеттік тілді меңгеруге талпынғандар арасынан Альмира Алимованың (Мақатаев мектебі) есімін ерекше атап айтуға болады. Ол осы курс арқылы шұрайлы тілдің әліппесін үйренген.
-Қазақстан – достықтың берік қамалы орнаған мекен. Оның мемлекеттік тілін білу, құрметтеу және дәріптеу әрбір азаматтың борышы. Сондықтан оқыту орталығынан білім алып, ойымды қазақ тілінде еркін жеткізіп жүрмін. Бізге білім үйреткен тіл мамандарына алғысым шексіз,-дейді ол.
Байжан Емберді.