Үздік үйірме жетекшілері анықталды
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жастардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, олардың қоғамдық өмірге араласуы, азаматтық сана-сезімін, жалпы мәдениетін қалыптастыру бағытында тиімді жағдайлар жасалуда. Жас буынның өнерлі һәм өрелі болуында, уақытты ұтымды пайдалануында үйірмелердің рөлі маңызды. Әсіресе, ауыл жастарының белгілі бір өнерге ынтасын аударып, олардың нендей дүниеге икемді екенін танып, білген абзал. Сондықтан үйірме жетекшілерінің кәсіби деңгейлерін анықтау және біліктілігін бағалау, жастардың өнерге, мәдениетке деген құштарлығын дамыту, оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануды ұйымдастыру мақсатында іс-шараларды жиірек өткізген жөн.
Осыған орай, апта басында аудандық мәдениет үйінің ұйытқы болуымен, Шу қаласы мен ауылдық жерлердегі мәдени ошақтардағы үйірме жетекшілерінің арасында «Үздік үйірме жетекшісі-2024» аудандық байқауы өткен болатын. Тұңғыш мәрте өткізілген өңірлік байқауда шәкіртінің шамын жағып, түрлі өнерге баулып, жетістіктерге жетіп жүрген 12 үміткер бақ сынады. Ал олардың әлеуетін аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Қ.Файзуллина, аудандық мәдениет үйінің вокал әртісі, «Қазақ өнерінің қайраткері», «Мәдениет саласының үздігі» Б.Қосыбаева және осы жолдардың авторы сынды әділқазы алқасы бағалап отырды.
Әрине, балауса өнерпаздардың көздеріндегі жалындарына қарап баға беру оңайға соққан жоқ. Себебі, балғындар ұстаздарынан үйренгендерін мінсіз көрсетіп, көрерменнің ыстық қошеметіне ие болды.
Алғашқы кезеңде қатысушылар өздерін таныстырса, екінші кезеңде үйірме тынысымен таныстырып өтті. Ал үшінші кезеңде жетекшілер шәкірттерімен бірге өнерлерін паш етіп, қорытындысында экранда көрсетілген ұяшықтарда жасырылған сұрақтарға жауап берді.
Бәсі бөлек «Үздік үйірме жетекшісі-2024» аудандық байқауының бас жүлдесін Қонаев ауылдық мәдениет үйінің «Хореография» және «Сурет» үйірмелерінің жетекшісі Сандуғаш Ахметова иеленді. Қос өнерді бір арнаға ұштастырып жүрген жас ұстаз алғашқы сыннан-ақ көрерменді өзіне тәнті етті. Ал І-орынды еншілеген Далақайнар ауылдық клубының «Қолөнер» үйірмесінің жетекшісі Бауыржан Жақсыбаевтың домбыра жасаумен қатар балаларды қамшы жасауға баулып жүргенін айта кеткен жөн.
Аталмыш додада Абай ауылдық мәдениет үйінің “Хореография” үйірмесінің жетекшісі Мадина Наурыз ІІ-орынға лайық болды. Жас маман өз жұмысын жылдың басында бастағанын ескерсек, бұл жақсы көрсеткіш болып отыр.
Қазақ киносы мен өнерінің көрнекті өкілдері өрбіген Балуан Шолақ ауылдық мәдениет үйінің «Актерлік шеберлік» және «Сахна тілі» үйірмелерінің жетекшісі Жанар Айтбай үздік үштікті түйіндеді.
Жинаған ұпайлары мен мүмкіндіктеріне қарай қалған қатысушылар «Шығармашыл үйірме жетекшісі», «Өнерлі үйірме жетекшісі», «Жаңашыл үйірме жетекшісі», «Талантты үйірме жетекшісі», «Ынталы үйірме жетекшісі» номинациялары бойынша марапатталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ белсенділіктері үшін алғыс айтылды.
-Бұл байқау ауданымызда алғаш рет өткізіліп отыр. Сәтін салса, келесі жылы да өз жалғасын табады деген ойдамыз. Аудандық мәдениет үйіне қарасты мәдени ошақтардағы барлығы 75 үйірмеге 1149 бала қатысады. Оның ішінде 63 үйірме 7-17 жас аралығында балаларға арналған. Ондағы қатысушылар саны 955-ті құрайды,-дейді аудандық мәдениет үйінің әдіскері, үйірмелерге жауапты маман Маржан Көпбосынова.
Байжан Емберді.