Еңбек адамына құрмет ортаймаса…
«Еңбегің мен ақылың екі жақтап…»
Абай.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында 2025-жылды Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланатындығын айтқан еді. Өз тарапымнан осы Жолдауда айтылған нұсқауды басшылыққа ала отырып, жұмысшы мамандардың мәртебесін арттыру үшін жұмыс жасау басты міндетіміз деп санаймын. Сондай-ақ, ел Президенті «Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек қадірлі»деген еді. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқарса ғана еліміз дамудың даңғыл жолына түсетіні сөзсіз.
Еңбектің еленуі азаматты алдағы уақытта да биік белестерді бағындыруға талпындыратынына күмән болмас. Әркім өзінің көргенін, неден өнеге алғанын әрқашан жадында сақтайды. Әсіресе, туған жер туралы сөз қозғарда қандайда бір азаматтың өз еңбегімен өніп-өсіп, қажырлы еңбегінің арқасында туған жеріне сыйлы болып, елдің дамуына, көркеюіне барынша үлес қосқандығын көрген жандардың оны өзінен кейінгі өскелең ұрпаққа үлгі етуі – әр саналы азамат үшін маңызды дүние. Жас адамның алдына қойған арман-мақсатына жетуінің ең тура жолы – талап, еңбек, ақыл екенін көрсете және ой сала отырып, ұлы ақын Абай одан әрі былайша толғанады:
«Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап, босқа күлуге…
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз».
Өз бойына осы қасиеттерді ұялатып, оны одан әрі шыңдай алған жанның еңбегі де жанбақ… Табыс бар жерде сұлу сөз бен сылдыр мадақ та көп және одан бас айналмауы да қиын дей келе, еңбектенген адамның мұратына жетерін айтады Хакім Абай.
Осы тұста біздің ауданымызда да қара жұмыстың қазанында қайнап, еңбекпен есейген жандардың мол болғандығын атап айтқым келеді. Тарих тереңіне үңілсек, елдің өсіп, өркендеуіне қаншама ұлы азаматтардың еңбегі сіңді. Сол еңбектің жемісін біз әлі де көріп келеміз. Шу өңірінің жылдан жылға қарқынды дамуы соның айқын дәлелі. Соның бір жарқын көрінісі «Бұланбай» өзені суының мол болуына қажырлы еңбек сіңірген ата-бабаларымыздың табандылығын біреу білсе, біреу білмейді. XVII ғасырдың аяғында сол өңірде ғұмыр кешкен Бұланбай би жарықтықтың ұйымдастыруымен, жыл сайын көктемде тау бөктерінен кемінде жетпіс бұлақтың көзі ашылып отырған. Ел ағасы бұл істі әр жыл сайын еселеп отырған екен. Елім-жерім деп тер төккен азаматтардың арқасында арнасы үлкен «Бұланбай» өзені пайда болған. Сол «Бұланбай» өзеніне келіп қосылатын «Ақ көнек», «Еспе» өзендерінің де арнасының молаюы көктемде айналасына барып қоныстанған шаруашылық азаматтарының ата үлгісін жалғастырғанынан орын алды. «Бұланбай» өзенінің суына қоректенген ауылшаруашылық өнімдері, оның ішінде тәтті тамыр – қызылшаның қарқындап өсуі, жұмысшы азаматтардың еңбегі жанып, Далақайнар колхозының ондаған жылдар бойы миллионер колхоз болғаны көптеген еңбек ардагерлерінің қажырлы қайратының жемісі.
Шу өңірінен шыққан өнімнің сапалылығы сондай, «Шу қант зауытының» өнімдері бүкіл одаққа үлгі болудан алдына озат салмағандығын аудан ардагерлері әлі де мақтанып айтады. Сол кезеңде темір жол, әуе жол көлігінің қызметін пайдаланған адам шәй ішсе, біздің «Шу қант зауытының» тәтті қантымен тамсанған.
Соңғы уақыттағы мемлекеттік бағдарламалардың ықпалымен ауыл шаруашылығы дамуының арқасында қант қызылшасының өндірісі қайта жандануда. Алдында айтқан екі өзеннің аты мен үшін өте киелі. Неге десеңіз, сол өзендердің жағалауында орналасқан шаруашылықтардың арасында менің туған ауылым «Киров» колхозының нөмірі үшінші Сүт Зат Фермасы (СЗФ – МТФ-3) болды. Әкемнің анасы Шәйкүл әжем сол сауыншылар фермасында қырық жыл сауыншы болып жұмыс жасаған. Асыл әже қазір сексеннің бесеуінің белесінен асты.
Еңбек адамы жайлы айтқанда сол әжемнің қажырлы еңбегінің зейнетін көріп отырғандығына тоқталғым келеді. Қазіргідей сүт шаруашылығы дамыған кезеңде бір сауыншының қырық сиырды саууы таң қалдырмайтыны белгілі. Ал, алпысыншы-сексенінші жылдары сауыншылар сиырды тек қолмен сауғаны анық. Сол уақытта сиыр күніне екі емес, үш рет сауылғанын көпшілік біле бермейтін шығар. Сағат таңғы бестерден алтыға дейін «Таң сауынынан» соң, күндізгі сағат бір мен екінің арасында сауыншыларды жайылып жүрген малдарға апарып, сол жерде «Түскі сауын» ұйымдастырылған. «Кешкі сауынды» білесіздер. Таң қаларлықтай көрініс – ешбір тежегіссіз-ақ сиырлар өздерінің үйренген сауыншыларына сүті толып, өз еріктерімен тырсылдап тұрған желінінен сүтті саууға рұқсаттарын беретіні. Елестетіп көріңіз. Осы жерде біздің селексионерлердің ғылыми еңбектерін де атап өту керек. Сүтінің майлылығы 4-3,7 пайызды құрайтын «Ала Тау» тұқымының сұрыпталуына, жаңадан Қазақстан мемлекетінде сапалы сиыр тұқымы шығарылғанына сауыншылардың қосқан еңбегі өлшеусіз. Әр сауыншы өзінің алған міндеттемесін асыра орындағандығының айғағы біздің үйдегі төрде ілулі тұрған тарихи фотолар мен әжемнің мерекелерде киетін костюміндегі сансыз орден мен медальдар. Оның ішіндегі көрнектісі неше дүркін социалистік жарыстың жеңімпазы деп танылғандығы үшін берілген медальдар. Сауыншыларың еңбегі тек сол сауынмен ғана шектелмеген. Отызға тарта сауыншы кезегімен сүт құйылатын ыдыстардың тазалығына жауапты болған. Мемлекеттің жалынды бағдарламаларының бірі – комсомолдық жастар бригадасы – «Ақ Бұлақ» болатын. Қаншама жастар өздерінің еңбек кітапшаларын сол бригададан аштырған. «Ақ Бұлақ» бригадасы туралы өз заманында том-том кітаптар жазылды да. Тәлімі мен тәрбиесі мол сол бағдарлама арқасында жастар жоғарғы оқу орындарының студенттері болып, оқуларын бітірген соң кәсіби маман болып, ауылға оралғандары қаншама.
Сол кездегі жалыны ұшқындаған жастар қазір ел сыйлаған ардагерлер. Омыраулары орден, медальдарға толы азаматтар мен азаматшаларды көргенде осындай қажырлы еңбегінің зейнетін көріп отырған еңбек адамының өмірін жастар үлгі тұту керектігі ойға оралады. Әрқайсысымыз туған мекен туралы сөз қозғағанда әуелі кімнің еңбегінің арқасында шаттанып жүргенімізді ешқашан ұмытпауымыз қажет. Ол азаматтық парызымыз.
Еңбек азаматын дәріптеген 2025 жылда ол кісілерді мадақтау да, марапаттау да мемлекетіміз үшін үлкен дәреже. Алты алашта дарынды ұл-қыздар баршылық және ондай елін сүйген ерлерге ұлы дала ешқашан кенде болмаған. Әлі де ұлы аналарымыз талайын өмірге әкелетініне күмән жоқ. Еліміздің ертеңгі атар таңнан да үміті зор. Олай болса, жақсылыққа талап қып, кең толғанып, терең ойланатын қауымның азайып кетпеуіне үлесімізді қоссақ, сабыр мен мейірім салтымыз болса, алар асуымыз да асқақ болары сөзсіз. Биіктерді бағындырып жатсақ, нұр үстіне нұр емес пе ағайын. Еңбекшілердің еңбегі еленген елдің болашағы өркениетті дегім келеді.
Аңсаған Шынболатова,
ұстаз,
«Саған арнаймын туған ел» шығармашылық байқауының жеңімпазы.
Бәйдібек ауылы.