Ақпараттық портал

Азаматтар алғыс арқалады

Дамушы елдердің бір көрінісі – бастан кешіретін әрбір саяси науқанда азаматтардың белсенділік танытып, өз көзқарастарын білдіруі. Бұл көшке біздің еліміз де ілесіп, Мемлекет басшысы құруға бастама көтерген Жаңа Қазақстан қағидаты ақырындап амалға асырылып келеді.
Оған республикалық референдум мен сайлауларды мысал етуге болады. Соңғы науқан – Атом электр станциясын салу жөніндегі қоғам пікірін айқындаған республикалық референдум екені елге мәлім.
Бейсенбі күні аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында 6 қазанда өткен Республикалық референдумды өз дәрәжесінде өткізіп, ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарды марапаттау рәсімі өтті. Оған ауданымызға арнайы ат басын бұрған облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Мейіржан Сембеков, аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Ошанов қатысты.
Ең алдымен жиналыстың күн тәртібін таныстырып өткен А. Ошанов жиналғандарға Шу аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 9 айлық есебін баяндап өтті.
– Сайлау науқаны қарсаңында округтік және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерімен 8 оқыту семинары өткізілді. Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен Шу ауданында сайлауды өткізуде тәжірибесі жоқ 93 комиссия мүшесіне оқыту-семинары өткізіліп, тиісті сертификаттар тапсырылды,-дейді Азамат Серікұлы өзінің баяндамасында.
Одан соң маңызды мезетті мінсіз өткізген учаскелік комиссия төрағалары мен мүшелеріне алғысын білдірген Мейіржан Ермекбайұлы сөз алды.
Оның сөзінше сайлау және референдум елдің саяси үдеріске қатысуы арқылы жүзеге асатын демографиялық қадам. Президент пәрменімен жарияланған Атом электр станциясын салуға қатысты республикалық референдумда халық өз таңдауын жасаған. Сонымен қатар жұртшылық бірер жыл бұрын ауыл әкімдерін тікелей сайлап алуға мүмкіндік алса, келер жылы аудан әкімдері аламанға түспек.
Бұдан кейін кезек марапаттауға беріліп, бірқатар азаматтар Алғыс хаттарға ие болды.
Атап айтқанда, референдумды ұйымдастыру және өткізу кезеңінде жоғары белсенділік танытқан Ахат Шошимов пен Валентина Коротуненко орталық сайлау комиссиясының төрағасы Н.Әбдіровтың Алғыс хатын алды.
Тағы бір шулықтардың шоғыры Жамбыл облысының әкімі Е. Қарашөкеев пен облыстық сайлау комиссиясының төрағасы С.Айдапкеловтың Алғыс хатын еншіледі. Сонымен өзге де азаматтар аудан әкімінің марапатына ие болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша ұзын-саны 60 адамның еңбегі еленген.
Байжан ЕМБЕРДІ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.